2022 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі салаларында оң өсу қарқыны байқалады

2022 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі салаларында оң өсу қарқыны байқалады

259 Awrora

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, энергетика министрі Болат Ақшолақов және ауыл шаруашылығы министрі Болат Қарашөкеев баяндама жасады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өз баяндамасында теріс сыртқы факторларға қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 3,1% деңгейінде тұрақты өсімге қол жеткізгенін атап өтті.

«Нақты сектордағы өсім 3,2%-ды, ал қызмет көрсету саласында – 2,5%-ды құрады. Оң өсу қарқыны құрылыс, ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, сауда, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі салаларында тіркелді», — деді ұлттық экономика министрі.

Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өңдеу қарқыны 1%-ке төмендеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7,8%-ті құрады. Экономиканың негізгі салалары бойынша инвестициялар көлемі жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 15,4%-ға, ауыл шаруашылығында – 6,9%-ға, көлік және қоймалауда – 5,5%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте 5,6%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 14,2%-ға ұлғайды.

Министрдің айтуынша, өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Қызылорда, Жетісу, Маңғыстау және Алматы облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Астана қалаларында байқалды.

Сыртқы сауда

«2022 жылғы қаңтар-қарашада сыртқы сауда тауар айналымы 33,4%-ға өсіп, $122,2 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 42,4%-ға өсіп, $77,6 млрд-қа жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 33,8%-ға ұлғайып, $24,1 млрд-ты құрады. Тауарлар импорты $44,6 млрд-қа тең. Жалпы, оң сауда балансы $33,1 млрд-ты құрады», — деді ұлттық экономика министрі.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,4%-ға өсті. Көрсеткіш өсуі 18 өңірде тіркелді. Соның ішінде Алматы қаласы, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстары ең жоғарғы өсуді көрсетті.

Ведомство басшысының айтуынша, өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 9,4%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 19,1%-ға, электр жабдықтарын жасаудың – 22,2%-ға өсуі қамтамасыз етілді.

«Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 3,9%, мұнай өңдеу өнімдері – 1,9%, химия өнеркәсібі – 10,2%, сусындар өндірісі – 11,2%, пластмасса бұйымдары – 2,1%, жеңіл өнеркәсібі – 6%», — деді Әлібек Қуантыров.

Тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету 15%-ға артты

Тау-кен өнеркәсібінде өсіммен қатар, кейбір көрсеткіштердің төмендегені байқалып отыр. Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1%-ға төмендеді. Салалар бөлінісінде өсу тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде – 15,9%-ды құрады. 

Ведомство басшысының айтуынша, екі өндірістің көрсеткіші 0,7%-ға төмендеді, олар: көмір және металл кендерін өндіру. Сондай-ақ газ өндіруде – 1%-ға, мұнай өндіруде – 1,9%-ға және өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде – 7,6%-ға төмендеу тіркелді.

Құрылыс секторы 

Бір жыл ішінде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 9,4%-ға ұлғайды. Көрсеткіштің оң өсуі 18 өңір бойынша тіркелді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғарғы өсуі Ақмола, Алматы, Атырау облыстарында және Шымкент қаласында байқалды.

2022 жылы 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 8,8%-ға кем.

«Бұл көрсеткіштің төмендеуі – Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Ұлытау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында пайдалануға берілген тұрғын үй санының азайғандығы есебінен болып тұр. Басқа 14 өңірде оң өсу тіркелді», — деді ұлттық экономика министрі. 

Ең жоғарғы көрсеткіштер Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында байқалды.

Ауыл шаруашылығы саласындағы оң үрдіс

Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 9,1%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 15 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетті.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасындағы жалпы жағдай мынадай. Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсім 9 өңірде – Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалды.

Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылады:

1. Отандық азық-түлік тауарларын өндірушілерге қолдау шараларын көрсету және олармен сату бағасын белгілеу туралы келіссөздер жүргізу;

2. Инвесторларға кешенді қолдау көрсете отырып, инвестиция ағынын ұлғайту бойынша тиімді шараларды іске асыру;

3. Көктемгі егіске тиісті дайындық жұмыстарын жүргізуге кешенді қолдау көрсету, өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған өсу қарқынын қамтамасыз ету;

4. Экспорттау бағыттарының баламалы жолдарын қалыптастыру арқылы отандық өнімнің жаңа нарықтарға шығуына қолдау көрсету, шикізаттық емес экспортты жан-жақты қолдау;

5. Бизнес өкілдерін кешенді қолдау және олар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету.

Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады. 

«2022 жыл өте күрделі болды. Оның негізгі себептері: Ресей мен Украина арасындағы соғыс, шикізат тауарлары бағасының өсуі, әлемдегі рекордтық инфляция және соңғы жиырма жылдағы орталық банктердің ең қатаң монетарлық саясаты», — деді Ұлттық банк төрағасы Ғ. Пірматов.  

Оның айтуынша, бұрын-соңды болмаған шок салдарынан әлемде және Қазақстанда іскерлік белсенділік баяулады.

«Өткен жылдың желтоқсан айында жаһандық іскерлік белсенділік 48-ден 48,2-ге дейін біршама жақсарды. Бұл өңдеу өнеркәсібіндегі индекстің артуынан және қызмет көрсету саласындағы тұрақтану есебінен болды. Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі теріс аймақта қалуына қарамастан, қарашадағы 48,9-дан желтоқсанда 49,2-ге дейін жақсарды. Іскерлік белсенділікті тежейтін негізгі себеп – логистикадағы проблемалар мен тауар жеткізудегі ұзақтық. Өндіріс секторында іскерлік белсенділік жақсарды», — деді Ұлттық банк төрағасы өз баяндамасында. 

Ғалымжан Пірматов атап өткендей, жалпы, бизнес жүргізудің болашақтағы талаптарына қатысты кәсіпорындардың күтулері оң болып қалуда. Ағымдағы бизнес талаптары әлі де болса теріс деп бағаланып отыр.

«Жаһандық іскерлік белсенділіктің өсу перспективасына геосаяси шиеленіс, жоғары нарықтық құбылмалылық, инфляциялық қысым, энергия бағасының көтерілуі, үй шаруашылығындағы кірістердің әлсіз өсуі теріс әсер етуде», — деді Ғ. Пірматов.

Қаржы нарықтарындағы құбылмалылық 

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, Орталық банктер ақша-кредит талаптарын күшейтіп отыр: АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі мен Еуропаның Орталық Банкі желтоқсан айында негізгі мөлшерлемелерді 4,5%-ға және 2,5%-ға дейін 50 базистік тармаққа көтерді. 

«Жапония банкі 10 жылдық мемлекеттік облигациялар кірістілігінің ауытқу диапазонын +/-25 базистік тармақтан +/-50 базистік тармаққа дейін кеңейтіп, жұмсақ ақша-кредит саясатынан бас тартты. Нәтижесінде мемлекеттік облигациялардың кірістілігі өсті. Соның салдарынан қазіргі таңда  Bloomberg бақылап отыратын теріс кірістілігі бар әлемдік мемлекеттік облигациялар тізімінде ешқандай ел қалмады», — деді ҚР Ұлттық банк төрағасы.

Инфляцияны тежеу үшін дамыған елдердегі орталық банктердің ақша-кредит талаптарын күшейтуі 2008 жылы қаржылық дағдарыс басталғаннан бері әлемдік нарықта акциялар мен облигациялардың барынша құлдырауына алып келді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, дамыған елдердің акциялары 19,5%-ға төмендеп, АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 3,87%-ға дейін 2,36 пайыздық тармаққа өсті. 2022 жылы доллар индексі 8,2%-ға өсті.

Инфляцияның өсуі және геосаяси шоктар  

2022 жылдың желтоқсан айында айлық инфляция 1,2%-ға дейін баяулағанына қарамастан, соңғы 5 жылдағы айлық орташа көрсеткіш 0,7%-дан айтарлықтай асып түсті.

«Жылдық мәнде инфляция 20,3%-ға жетті. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға зор үлес қосып, жылдық көрсеткіш бойынша 25,3%-ға жетті. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері қыс маусымына байланысты қымбаттады. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 19,4%-ға дейін өсті. Импорттың жоғары үлесі бар тауарларға, оның ішінде жеке пайдаланатын тауарларға, жуатын және тазалайтын заттарға, құрылыс материалдарына, дәрі-дәрмекке баға тез өсіп отыр. Әкімшілік реттеу себебінен жанар-жағармай мен 2021 жылғы жоғары база есебінен автокөлік бағасының өсу қарқыны баяулады», — деді Ғ. Пірматов Үкімет отырысында.

Желтоқсан айында ақылы қызметтердің инфляциясы 14,1% деңгейінде сақталды. Тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық қызметтердің құны өсу тұрғысынан баяулады.

Халықтың инфляциялық күтулері жоғары деңгейді көрсетіп отыр. Былтыр желтоқсан айында халық күткен инфляцияның медианалық бағасы 21,3%-ға дейін өсті.

«Геосаяси жағдайдың белгісіздігіне, азық-түлік бойынша бағаның жоғары сақталуына, инфляцияға қатысты халық күтулерінің жоғары болуына байланысты 2022 жылғы 5 желтоқсанда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін көтерді. 2022 жылы қабылданған ақша-кредит саясаты шаралары инфляцияны төмендетуге және оны орта мерзімді перспективада одан әрі тұрақтандыруға ықпал ететін болады», — деді Ұлттық банк төрағасы.

Икемді бағам белгілеу нарықтың теңгерімділігін арттырады

2022 жылы геосаяси жағдайдың шиеленісуі және жаһандық қаржы нарықтарындағы қолайсыз ахуал ұлттық валютаның динамикасына теріс әсер етті. Наурыз айында теңге бағамы 512,17 теңгеге дейін әлсірегеннен кейін мамыр айында 414,79 теңгеге дейін нығайды. Жыл қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 доллар үшін 462,66 теңгеге дейін 7,1%-ға әлсіреді.

«2022 жылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің $5,1 млрд мөлшеріндегі валюталық түсімді сатуы, республикалық бюджетке Ұлттық қордан трансферттерді қамтамасыз ету үшін $4,3 млрд мөлшерінде валюта сату, Ұлттық банктің $1,4 млрд мөлшеріндегі валюталық интервенциялары теңгеге қолдау көрсетті», — деді Ұлттық банк басшысы Ғ. Пірматов.

Теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болады.

«Икемді бағам белгілеу валюта нарығындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға және халықаралық резервтерді сақтауға ықпал етеді», — деді ол.

Сауда балансы және мұнайдың жоғары бағасы 

Өткен жылдағы 9 айдың қорытындысы бойынша, төлем балансының ағымдағы шоты профицитпен қалыптасып, сауда балансының жақсаруына байланысты $8 млрд-ты құрады.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, сауда балансының профициті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда $15,7 млрд-қа ұлғайып, $29,2 млрд болды. Мұнай және газ конденсаты экспортының 36,4 млрд долларға дейін 63,4%-ға өсуі есебінен тауар экспорты $64,2 млрд-қа дейін 48,4%-ға ұлғайды. Тауар импорты $35 млрд-қа дейін 17,5%-ға өсті.

«Шетелдік тікелей инвесторлардың кірісі $3,3 млрд-қа ұлғайып, $19,7 млрд-ты құрады. Ағымдағы шоттың профициті тұрақсыз, өйткені ол шикізат бағасының, ең алдымен, мұнай бағасының жоғары болуына байланысты», — деді Ұлттық банк төрағасы.

Ұлттық қордың активтері мен ұлттық банктің алтынвалюта резервтері

«2022 жылы жалпы халықаралық резервтер $90,8 млрд-қа дейін $1,1 млрд-қа ұлғайды. Алтын-валюта резервтері еркін конвертацияланатын валютадағы активтердің ұлғаюына байланысты былтыр $35,1 млрд-қа дейін $696 млн-ға өсті. Алдын ала деректер бойынша, Ұлттық қордың активтері өткен жылы $55,7 млрд-қа дейін $403 млн-ға артты. Республикалық бюджетке 4,6 трлн теңгеге трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап $4,3 млрд-қа валюталық активтер сатылды», — деді Ұлттық банк төрағасы.

Дамыған елдердегі орталық банктердің ақша-кредит саясатын күшейту риторикасына байланысты облигациялар мен акциялар нарығы жыл басынан бері едәуір төмендеді. Алайда, қор құрылған сәттен бастап оның ұзақ мерзімді кірістілігі жылдық мәнде 3,02% болды.

БЖЗҚ зейнетақы активтері  

Ғ. Пірматовтың мәліметінше, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері бір жылда 1,6 трлн теңгеге немесе 12,1%-ға ұлғайып, 2022 жылдың соңында 14,6 трлн теңгені құрады. 2022 жылы инвестициялық кіріс көлемі 914,1 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 1 728 млрд теңге, зейнетақы төлемдері – 260,8 млрд теңге, мерзімінен бұрын алу сомасы – 896,3 млрд теңге болды.

2022 жылы зейнетақы активтерінің кірістілігі 6,55% болды.

«Зейнетақы активтерінің шоғырландырылған сәттен бастап жинақталған кірістілігі 113,7% инфляциямен салыстырғанда 115,9%-ды құрады», — деді Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов.

ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылғы мемлекеттік қаржының атқарылуы туралы баяндады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты.

Кірістер бойынша

Мемлекеттік бюджетке 15 трлн 668 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 104,4%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 10,5 трлн теңге шамасында кірістер түсті немесе жоспар 103%-ға орындалды.

Кірістер бойынша жоспар 309 млрд теңгеге артығымен орындалды, оның ішінде салықтар 210 млрд теңгеге, салықтық емес түсімдер 94 млрд теңгеге асыра орындалды. 

Салықтар бойынша негізгі асыра орындау сомасы қосылған құн салығына тиесілі. 

Қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалу факторлары: 

— сату бойынша айналымның 29%-ке өсуі.

— 3-ші елдерден импорт көлемінің 36%-ке немесе $7,4 млрд долларға өсуі.

«Шикі мұнайға арналған экспорттық кеден бажы бойынша жоспар орындалмады. Оған есепті кезең ішінде іс жүзінде қалыптасқан экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 4%-ға төмендеуі есебінен орындалмаған болды. Жергілікті бюджеттердің кірістері 107,3%-ға атқарылды және 5,2 трлн теңгені құрады. Жоспар 354 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар Маңғыстау облысын қоспағанда, барлық өңірлерде асыра орындалды», — деді Қаржы министрлігінің басшысы.

Шығыстар бойынша

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 98,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,4%-ға атқарылды.

«Республикалық бюджет бойынша 18,5 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 263 млрд теңгені құрады, оның ішінде 175 млрд теңге — Үкіметтің бөлінбеген резерві, 7 млрд теңге – үнемдеу болып саналады. Бұл шығыстар Бюджет кодексіне сәйкес игерілмеген қаражат болып есептелмейді. Сол себепті, шығыстарды таза игеру 99,6% құрайды деп айтуға негіз бар. Игерілмегені – 81 млрд теңге», — деді Ерұлан Жамаубаев.

Вице-премьердің айтуынша, нашар игеру, яғни 99%-дан төменгі көрсеткіштер сауда және интеграция, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, төтенше жағдайлар, мәдениет және спорт министрліктерінде қалыптасты.

Игерілмеудің негізгі себептері: өнім берушілердің шарт талаптарын бұзуы, жобалау-сметалық құжаттамаларға мемлекеттік сараптаманы ұзақ өткізу немесе оған оң қорытындының болмауы, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау болып табылады.

«Жергілікті бюджеттердің шығыстары 10,8 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 407 млрд теңге. 2022 жылға өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер бөлінген. Оның 97,5%-і игерілген. Атқарылмағаны – 83 млрд теңге, оның ішінде 14 млрд теңге – үнемдеу, 69 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу келесі өңірлерде: Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында, Алматы және Астана қалаларында қалыптасты», — деді Ерұлан Жамаубаев.

Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, жұмыс (қызмет көрсету) кестесінен кешігу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну.

Мемлекеттік аудит бойынша 

2022 жылы 11,8 трлн теңгеден астам сомаға 545,5 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералдық бақылаумен қамтылды. 

Тексеру қорытындылары бойынша 38 707 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 93%-ын орындады.

«2 330 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен шамамен 5,2 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. 337 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепте көрсету жолымен 319 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды», — деді Е. Жамаубаев.

Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 2 179 ұсыным берілді.

Мемлекеттік активтерді басқару 

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 675 объектіні сату көзделген.

«Есепті кезеңде сомасы 308 млрд. теңгеге 367 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 41 объекті сатылуға қойылды. 62 объекті қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 205 объекті сату алдындағы дайындықта. Есептік кезеңдегі мемлекеттік қаржының атқарылу нәтижелері осындай», — деп түйіндеді Ерұлан Жамаубаев.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Өнеркәсіп секторындағы даму қарқыны туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтып берді.

Оның айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіпте оң үрдіс байқалып, жиынтық көрсеткіш 103,4% құрады.

Машина жасау саласы автокөлік құралдарын, трейлерлер мен жартылай тіркемелерді, электр жабдықтарын, машиналар мен өзгеде жабдықтарды шығару, сондай-ақ басқа кіші салалар есебінен 9,4% деңгейінде тұрақты өсімді көрсетіп отыр.

«Түсті металлургияда нақты көлем индексі 105,5% құрады. Ұлғаю тазартылған мыс, құйма алтын, түйіршіктелген күміс, тазартылған күміс, катодты мыс және тазартылған алтын шығару көлемінің өсу есебінен болды. Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 10,2% өсті», — деді М. Қарабаев. 

Оның айтуынша, көміртегі диоксиді, хлор, тұз қышқылы, күкірт қышқылы, сұйық аммиак өндірісінің көлемі ұлғайды.

Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі тоқыма бұйымдары, киім және былғары өнімдер өндірісінің өсуі есебінен 6% ұлғайды.  

Құрылыс материалдары өндірісінің көлемі гипс, құрылыс ерітіндісі және кірпіштер өндірісінің өсуі есебінен 1,3% өсті.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 160-қа жуық инвестициялық жоба пайдалануға берілді, олар экспорттық әлеуетті ұлғайта отырып, өндеуші өнеркәсіп салаларының өндіріс көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік беретін болады», — деді М. Қарабаев.

Сонымен қатар индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, көлік саласында 2022 жылы жалпы оң динамика байқалады. Нақты көлем индексі 103,9% құрады.

Транзиттік контейнерлік тасымалдар 6% ұлғайтылды, оның көлемі жиырма фунттық баламада 1 млн 129 мың контейнерді құрады.

Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүктердің өсу көлемі 26,8 млн тонна жалпы көлемімен 12,6% құрады.

Жолаушылар тасымалдау секторында да оң динамика байқалады. Өсім 2,3% құрады. 

Сондай-ақ 2022 жылдың қараша айында темір жол көлігі саласындағы ірі жобалардың бірі «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолдарының құрылысы басталды. Жобаны іске асыру учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Осы жылы Алматы станциясының айналма темір жолы желілерінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз.

2022 жылғы 12 айда құрылыс бойынша нақты көлем индексі 109,4% құрады.

Оң динамика Маңғыстау және Қарағанды облыстарын қоспағанда, 18 өңірде байқалады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіші – 15,1 млн шаршы метр бола отырып 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Бүгінгі күні республика бойынша барлығы 130 686 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйді пайдалануға беру жылдық жоспарға 101,9% құрады.

 ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов отын-энергетика кешенінің 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша мұнай және конденсат өндіру көлемі 84,2 млн тоннаны немесе 2022 жылғы жоспарға 101,6%-ды құрады.

«Мәселен, Теңіз кен орнында 29,2 млн тонна мұнай өндірілді немесе 2022 жылғы жоспарға 100%. Қарашығанақ кен орнында мұнай өндіру 11,3 млн тоннаны немесе 2022 жылғы жоспарға 103,8%-ды құрады. Қашағанда мұнай өндіру көлемі 12,7 млн тоннаны немесе 2022 жылғы жоспарға 109,5%-ды құрады. 2022 жылы мұнай экспорты 64,3 млн тоннаны немесе 2022 жылғы жоспарға 103,4%-ды құрады», — деді энергетика министрі Б. Ақшолақов.

2022 жылы газ өндіру көлемі 53,3 млрд текше метр газды немесе 2022 жылғы жоспарға 103,1%-ды құрады. Тауарлық газ өндірісі 27,8 млрд текше метр немесе 2022 жылғы жоспарға 94%-ды құрады. 

«Көрсеткішке қол жеткізбеу Орынбор газ өңдеу зауытында Қарашығанақ газын қабылдаудың шектеулерімен, сондай-ақ Теңіз және Қашаған кен орындарындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстарымен байланысты», — деді отырыс барысында энергетика министрі.

Оның мәліметінше, тауарлық газды ішкі тұтыну 19,3 млрд текше метрді немесе 2022 жылғы жоспарға 107,2%-ды, газ экспорты 4,6 млрд текше метрді немесе 2022 жылғы жоспарға 85,1%-ды құрады.

«Газ экспортының төмендеуі ішкі нарықтағы тұтынудың өсіп келе жатқан көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Халықты газбен қамтамасыз ету – басымдық болып табылады. Ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 2,8 млн тоннаны немесе 2022 жылғы жоспарға 98%-ды құрады. Жоспарлы мәнге қол жеткізбеу Павлодар мұнай-газ-химия, Атырау мұнай өңдеу және СНПС-Ақтөбемұнайгаз зауыттарындағы жөндеулерге байланысты», — деді энергетика министрі Б. Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, жер қойнауын игеру және осы салаға инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

«Бүгінгі таңда көмірсутектер мен уранды барлауға және өндіруге арналған 304 келісімшарт бар. 2022 жылы жер қойнауын пайдалануға салынған инвестициялар сомасы 5,9 трлн теңгені құрады. Өткен жылы аукционда 39 млрд теңге қол қою бонусы төленіп, 49 жер қойнауы учаскесі сатылды. Геологиялық барлауға мәлімделген инвестициялар сомасы шамамен 56 млрд теңгені құрады. Жер қойнауын пайдаланушылар алған келісімшарттық міндеттемелерді орындамай ұзақ уақыт ұстайтын жер қойнауы учаскелерін тексеру бойынша жұмыс жалғасуда», — деді ҚР Экономика министрлігінің басшысы Болат Ақшолақов.

Мұнай-газ саласында жүйелі бұзушылықтары бар 27 келісімшарттың 12-сі бұзылды, 9 келісімшарт бойынша 1,5 млрд.теңге сомаға берешек өтелді, 4 келісімшарт бойынша сот талап-арыздары жіберілді, 2 келісімшарт бойынша-жұмыс заңнамаға сәйкес жалғасуда.

Мемлекетке қайтарылған жер қойнауының учаскелері болашақта инвестициялар тарту үшін аукционға шығарылатын болады.

2022 жылы мұнай өнімдерін өндіру көлемі 13,7 млн.тоннаны немесе 2022 жылғы жоспарға 103,2%-ды құрады.

Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру көлемі ұлғайтылды.:

– дизель отыны – 5,2 млн тонна немесе 2022 жылғы жоспарға 101,3%;

– мазут – 2,8 млн тонна немесе 2022 жылғы жоспарға 113,7%;

– автобензин – 5 млн тонна немесе 2022 жылғы жоспарға 100%;

– авиаотын – 0,7 млн тонна немесе 97%.

Б. Ақшолақовтың айтуынша, авиаотын өндіру жоспарына қол жеткізбеу Атырау мұнай өңдеу зауытында 2022 жылғы қазан-қараша айларында жөндеуге байланысты.

«2022 жылы битум өндіру көлемі 950 мың тонна битумды немесе 2022 жылғы жоспарға 85,6%-ды құрады. Жоспарлы көрсеткішке қол жеткізбеудің негізгі себебі – қымбат импорттық шикізат – Ресейден жеткізілетін гудронды қолданатын «Qazaq Bitum» ЖШС-дағы битумның жоғары бағасымен байланысты», — деді Болат Ақшолақов.

2022 жылдың қараша айында қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен өндіретін мұнай-химия зауыты іске қосылды. Толық қуатқа шығу зауытқа полипропиленнің әлемдік үздік 10 өндірушінің қатарына кіруге мүмкіндік береді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ-химия өнімінің көлемі 271,4 мың тоннаны немесе 2022 жылғы жоспарға 106%-ды құрады.

Есептік кезеңде 112,8 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілді немесе 2022 жылғы жоспарға 103,4%.

«Жедел деректер бойынша жаңартылатын энергия көздері объектілерінің электр энергиясын өндіруі 2022 жылы 4,5 млрд кВтсағ немесе 2022 жылғы жоспарға 100%-ды құрады. Электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 4%-ды құрайды», — деп түйіндеді Болат Ақшолақов.

Сонымен қатар Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады. Аграрлық секторға тоқталған АШМ басшысы саланың оң даму қарқынын атап өтті.

2022 жылғы 12 айда жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9,1%-ға ұлғайып, 9,3 трлн теңгені құрады. Бұл өсім негізінен өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру көлемін 15%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді.

«Өткен жылдың қолайлы жағдайлары егін жинау науқанын тоқтаусыз өткізуге және жақсы өнім жинауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша орташа өнімділігі гектарына 14,2 центнер бастапқы салмақта 22,8 млн тонна астық бастырылды, бұл соңғы 10 жылдағы үздік көрсеткіштердің бірі болып табылады. Жиналған астықтың 80%-дан астамы жоғары сапалы екенін атап өткен жөн», — деді Е. Қарашөкеев.

Мал шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі көрсетілген кезеңде 0,9%-ға ұлғайып, 3,6 трлн. теңгені құрады.

Бұл ретте ет өндіру көлемі тірідей салмақта 0,4%-ға (2 171 мың тонна), сиыр сүтін өндіру көлемі 2%-ға (6 320 мың тонна), тауық жұмыртқасын өндіру көлемі 4,4%-ға (5 027 млн. дана) өсті.

«Облыстар бөлінісінде жалпы ауыл шаруашылығы өнімдері нақты көлем индексінің республикалық деңгейден жоғары өсу қарқыны 5 өңірде байқалды – Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында», — деді Е. Қарашөкеев

Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құрады.

Бұл ретте өсімдік майын өндіру көлемінің 49,5%-ға, қанттың 34,4%-ға, жаңа ауланған, салқындатылған немесе мұздатылған балықтың 15,5%-ға, жарманың 11,5%-ға, ұнның 10,2%-ға, шұжық өнімдерінің 5,0%-ға, макаронның 3,8%-ға, өңделген күріштің 3,1%-ға артқаны байқалды.

Облыс әкімдіктері бекіткен Агроөнеркәсіптік кешеннің 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі жол карталарына сәйкес 2022 жылы 241,3 млрд теңге сомасына 267 жоба пайдалануға берілді. Жобалар саны бойынша 2022 жылға арналған жоспар орындалды.

Нәтижесінде, есепті кезеңде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 6,9%-ға ұлғайып, 855,7 млрд теңгені құрады.

Жалпы саладағы бұл өсім негізінен фермерлердің үйлесімді жұмысының және Агроөнеркәсіптік кешеннің ұлттық жобасын іске асыру шеңберіндегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау, агроөнеркәсіптік кешенде инвестициялық жобаларды іске асыру және тағы басқалар бойынша Үкімет қабылдаған шаралардың арқасында қамтамасыз етілді.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика