223 rob
Әлемнің 180 елінің мемлекеттік туын жатқа білетін Астана қаласындағы мектептердің бірінің оқушысы 6 жасар Ерген Дүйсенбек Оқу-ағарту министрлігінде болып, еліміздің бас ұстазы Ғани Бейсембаевпен кездесті. Кездесуге Ерген өзінің тулар жинағын әкеліп, білімділігін көрсетті. Сондай-ақ, ол осы елдердің барлығына баруды армандайтынын айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Мен әлемнің барлық мемлекетінің туын білемін, бірақ соның ішіндегі ең әдемісі – біздің елдің Туы. Мен есейгенде атақты адам болып, көк байрағымызды бүкіл әлемге танытып, көкке көтергім келеді» Ерген Дүйсенбек
Ергеннің анасының айтуынша, баланың туларға деген қызығушылығы 2-3 жасында пайда болған. Дәл осы сәттен бастап Ерген әлем елдерінің туларын жинай бастаған. Енді балақай елтаңбаларға қызығушылық танытып, туған күніне ата-анасынан оған Қазақстанның Елтаңбасын сыйлауды өтінген.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бірінші сынып оқушысы Ерген Дүйсенбекпен әңгімелесіп, оған грамота мен естелік сыйлықтар табыс етті. Министр Ергеннің ата-анасына ақылды және тәрбиелі ұрпақ тәрбиелегендері үшін алғыс айтты.
«Баланы тәрбиелеуге, оның қабілеттерін қолдауға және дамытуға көңіл бөлу өте маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік талантты балаларды қолдауға және олардың одан әрі дамуына жағдай жасауға жан-жақты жұмыс атқарып жатыр. Ергенге зор денсаулық пен оқуда табыс тілеймін» Оқу-ағарту Министрі Ғани Бейсембаев
Источник: qazaq.asia