Понедельник, 26 марта 2018 10:28

Тақырыбы: Мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың нәтижелері туралы

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(2 голосов)

Сұрақ: - Райхан Ғазизқызы, Қазақстан Республикасының мемлекеті туралы айтқан кезде міндетті түрде оның мемлекеттік қызметі туралы ой қозғалатындығы сөзсіз. Осы байланыс туралы тереңірек айтып берсеңіз.

Жауап: - Қазақстанның мемлекеттік қызметі жүйесінің дамуы тәуелсіздік жылдары саяси жүйенің, экономиканың, қоғамдық қатынастардың даму үрдісімен тығыз байланыста.

Мемлекеттік қызметті мемлекеттен айырып қарау мүмкін емес. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметі – мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктерді атқару жөнiндегi қызметi делінген. Елбасымыз өзінің баяндамаларында мемлекеттік қызметке ерекше көңіл бөледі. Себебі елімізде қабылданып жатқан реформалардың негізгі қозғаушы күші және оны ілгерілетуші мемлекеттік қызметшілер.

Сұрақ: - Бүгінгі күні елімізде мемлекеттік қызметтің жаңа моделі қалыптастырылып, стратегиялық міндеттерді шешуге қабілетті кәсіби аппарат жасақталуда. Осы жайлы баяндап берсеңіз.

Жауап: - Президенттің Ұлт жоспарының Бірінші институционалды реформасын іске асыру аясында қабылданған мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңға сәйкес мемлекеттік қызметке кіру тәртібі реформаланды. «Б» корпусының мемлекеттік лауазымына орналасуға үміткерлер үш кезеңдік таңдаудан өтеді. Бірінші кезең мемлекеттік тілді және Қазақстан Республикасының заңдарын білуге арналған тестілеу. Екінші кезеңде азаматтар бастамашылық, коммуникативтілік, сараптамалық, ұйымдасқандық, әдептілік, сапаға бағдарлану, тұтынушыға бағдарлану, жемқорлыққа шыдамау, ал басшы лауазымдарға үміткерлер онымен қоса   стратегиялық ойлану және көшбасшылық   деңгейін анықтауға арналған тестілеуден өтеді. Мемлекеттік қызметке орналасу төменгі лауазымдардан басталады. Кейін мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету олардың бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескеріліп жүзеге асырылады.

Сұрақ: - «Төменгі лауазым» дегенді қалай түсінуге болады?

Жауап: - Қолданыстағы заңға сәйкес төменгі лауазым – мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген лауазымдар санаттарының арасында лауазымдар тізіліміне сәйкес санаты төмен тұрған болып табылатын, "Б" корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің мемлекеттік лауазымы.

Сұрақ: - Мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың нәтижелері қандай? Салыстыра отырып айтып берсеңіз.

Жауап: - Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі өзіндік басқару жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып, дүниежүзілік тәжірибе жетістіктерінің негізінде құрылған. Мемлекеттік қызмет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты назарында, оның саяси еркінің арқасында Қазақстанда мемлекеттік қызметті кәсібилендіру бағытында елеулі ілгерілеуге қол жеткізіліп, бәсекеге қабілетті мемлекеттік апппаратты қалыптастыру қамтамасыз етілді.

Мемлекеттік қызметтің лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарының күшейтілуі қызметшілердің сапалық құрамына жақсы әсер еткендігін ерекше атап өткен жөн. Қазіргі уақытта қызметшілердің 89,1% жоғары білімді мамандар, соның ішінде 14% екі не одан көп жоғары білімі барлар. Мысалы 2014 жылғы деректер бойынша жоғары білімі бар мемлекеттік қызметшілер саны 76,2%, ал екі не одан көп жоғары білімі барлар 10% құраған болатын. Бүгін облысымыздың мемлекеттік органдарында ғылым кандидаттары, «Болашақ» бағдарламасының, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының түлектері қызмет етеді және олардың саны жылдан жылға көбеюде. Өткен жылдармен салыстырғанда конкурстың қорытындысы бойынша қызметке қабылданғандардың саны екі есеге артып отыр. Мысалы 2014-2015 жылдары олардың саны 1233 адам болса, соңғы екі жылда 2397 адамды құраған.

Мемлекеттік қызметшілердің мансаптық ілгерілеуі үшін конкурстық таңдауға көшу олардың мансаптық күтулерінің қанағаттандыру факторына оң ықпалын тигізіп отыр. Осылайша өткен жылы 200-ден астам мемлекеттік қызметші ішкі конкурстардың нәтижесінде жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалған.

Сұрақ: - Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптардың күшеюі кадрлар тұрақтылығы жағдайына кері әсер еткен жоқ па?

Жауап: - Керісінше мемлекеттік қызметшінің біліктілігімен қоса жеке қасиеттеріне қойылатын талаптар кадрлар тұрақтылығын күшейтіп отыр. Тәлімгерлік, тағылымдама, қайта даярлау курстарынан өту сияқты институттардың, меритократия принципінің енгізілуі мемлекеттік қызметшілер арасындағы таза ауысушылықтың, яғни мемлекеттік қызмет жүйесінен кету деңгейін үш есеге азайтты. Сұрақ: - Мемлекеттік аппарат кәсіби болуы оның мамандары білікті болуы қажет. Бүгінгі үздіксіз жаңару, даму, реформалау заманында мемлекеттік қызметшілердің бәсекеге қабілетті болу мәселесі қалай шешілуде?

Жауап: - Мемлекеттік қызметшілердің құзыретін үздіксіз жетілдіріп отыру мемлекеттік қызмет туралы заңның басты принциптерінің бірі. Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілер үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттырудан өтуі тиіс. 2018 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау өңірлік орталығы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының филиалы болып қайта құрылды. Тек 2017 жылдың ағымында облыстағы мемлекеттік қызметшілердің штаттық санының 31% оқытылды. Сондай-ақ жұмыс орнынан тыс жерлерде тағылымдамадан өткендердің саны 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге көбейді. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту мәселесінің жай-күйі әрдайым бақылауда.

Сұрақ: - Мемлекеттік қызмет туралы заңның құқық қорғау органдарына таралуы қандай нәтиже берді?

Жауап: - Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңның сонымен қатар құқық қорғау органдарына таралуы құқық қорғау органдарына орналасуға үміткерлердің сапалық құрамының жақсаруына ықпал етуде. Бұл туралы 2017 жылы құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте айтылған болатын. Тестілеу бағдарламалары мен оны ұйымдастыру ережелеріне енгізілген өзгертулер тестілеуден өткендердің санына оң ықпалын тигізді. Өткен жылдармен салыстырғанда тестілеу межесінен өткендердің саны 20% артқан. Бұл өз кезегінде бос лауазымдарға орналасу үшін өткізілетін конкурстарға   қатысушылардың санын көбейтіп, конкурстық ортадағы бәсекелестікті күшейтті.

Сұрақ: - Әңгімемізді түйіндей келе мемлекеттік қызметке орналасуға үміткер азаматтарға не айтар едіңіз?

Жауап: - Мемлекеттік қызметке орналасуға ниет білдірген әрбір азамат ең алдымен оның халық алдындағы биік жауапкершілікті талап ететін қызмет екендігін терең түсінуі қажет. Бұл жерде «жұмыс істеу» мен «қызмет ету» тіркестерінің мағынасын айыра білген абзал. Біздің міндет-халыққа қызмет, ал халыққа қызмет ету абыройлы міндет.

Мемлекеттік қызметте жасалып жатқан реформалар бәсекеге қабілетті, кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған, бүгін біз оның оң нәтижелеріне көз жеткізіп отырмыз.

- Райхан Ғазизқызы, берген сұхбатыңыз үшін рахмет! Сау болыңыз.

- Сау болыңыз.

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 296 раз