Четверг, 13 августа 2020 17:43

Жаны жайсаң Жақаң

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақ халқының біртуар азаматы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың бақилық болғанын естіп баршамыздың қабырғамыз қайысуда. Ұлт мүддесі үшін боз кілемде талай жыл тер төгіп, намысты қолдан бермеген жігерлі жігіт, бүгінгі күні жігіт ағасы жетпіске қараған шағында дүниеден озды.

Өте өкінішті, ағамыздың әліде еліне, жас ұрпаққа берер ақыл кеңесімен, күнделікті өмірдегі үлгі өнегесі көп еді. Өзінің қарапайымдылығы, кішіпейілдігі, үлкен жүректі азаматтылығымен Ағамыз халқына жақын болды. Сондықтан да халық Жақаңды шын көңілдерімен жақсы көрді! Жаны жайсаң ақ көңілді, үлкен жүректі, ұлтжанды, халқының сүйіктісі, өр рухты Жақаң-Аға, елдің есінде мәңгілік сақталады.

Грек-рим күресінен әлем чемпионы, Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы, халықаралық спорт шебері, Қазақстанның еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров туралы айтсақ.

Грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы 1951 жылы Жамбыл облысының Свердловск ауданындағы Чапаев совхозы Тегістік ауылында қазақтың қарапайым отбасында дүниеге келді.

Жақсылық Үшкемпіров ауылдағы қарапайым мектепте білім алған. 1968 жылы Семей қаласының мал дәрігерлік институтына оқуға түсіп, институт қабырғасындағы күрес үйірмесіне қатысып, еркін күреспен жарты жылдай айналысқан соң республика чемпионы атанады. Кейін классикалық күреспен шұғылданады. 1970 жылдары республикалық жарыста жеңіске жетеді. Осы кезден бастап балуан Олимпиада чемпионы болуды армандай бастаған. 1976 жылы Жақсылық Аға грек-рим күресінен Кеңес одағының чемпионы атанады.

Жақсылық Аға Олимпиада ойындарында қалай жеңіске жеткенін былайша есіне алады. «Бірінші кездесуімде үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы румыниялық Александруға қарсы күрестім. «Жеңіліп қалсам, не болады?» деген қорқыныш болды. Залда 15 мың халық отырды. Бүкілі «Жақсылық» деп айғайлады. Барлығы маған қазақ болып көрінді. «Жеңейін, болмаса өлейін» дедім. Соны ғана ойладым. 9 минут күресіп, 9:4 есебімен әрең жеңдім. Кейін боз кілемде жарты сағат жаттым", - дейді Жақсылық Үшкемпіров кезінде берген сұхбаттарында.

1981 жылы ол грек-рим күресінен әлем чемпионы, 1982 жылы әлем кубогында күміс жүлдеге ие болды. 1974-1984 жылдары Қазақ КСР мемлекеттік спорт комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарды. 1984-1993 жылдары спорт мектебінің директоры, 1993 жылдан бері Алматы облысындағы «Жақсылық» спорт клубының директоры болып қызмет атқарды.

Кейін Жақсылық Аға кәсіпкерлікпен шұғылданды. Жеке шаруашылығын ашып, 100 адамға жұмыс орнын берді.

Сонымен қатар, Жақсылық ағамыз Алматы облысының Мыңбаев ауылында өз қаражатына спорт кешенін, 100 орындық балабақша салған.

Ал 2017 жылы Жақсылық Үшкемпіров «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алды. Сонымен қатар, Ағамыз «Құрмет», «Парасат», «Отан», «Барыс» ордендерімен және басқа да марапаттарға ие болды.

Өткен жылдың маусым айында Жақсылық Әмірәліұлы Ақмола жеріне іс-сапармен келгенде Ақмола облыстық сотына сот ұжымымен кездесуге шақырғанымда қуана келіп, бүгінгі күнге дейінгі өмір және спорт жолындағы қиындықтарымен бөлісіп еді.

«Адам қай салада қызмет істесе де ерлік жасауға болады» - деп Жақысылық Ағамыз туралы айтқандай екен. Ағамыздың спортта, өмірдегі жасаған ерліктеріне омырауындағы медалдары, марпаттары және Қазақстанның Еңбек Ері атағы оның айғағы.

Судьялар қауымдастығы және сот қызметкерлерімен кездесуде Жақсылық Үшкемпіров естеліктерімен бөлісіп, спорттағы және кәсіпкерлікпен шұғылданғаны, бапкерлік жұмысы және бүгінгі таңда немен айналысатындығы туралы айтып берді.

Кездесуде батыр ағамыз жастарды еңбексүйгіштікке, адалдыққа шақырды.

Қазақ спортының даңқты тұлғасымен кездесу сот қызметкерлерін патриоттық сезімде, намысшылдық және спортқа деген қызығушылығын тәрбиелеу мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында өткізілген еді.

Ағамызға бой түзеп, тәрбие алатын жастар көп. Ол кісінің еңбек жолы, өмірлік ұстамы мен адамгершілік қасиеттерінен үлгі алуға тұрады.

Мен даңқты палуан Жақаңмен бір топырақта туып, туыстығы жақын адам екеніме іштей қуанышта жүретінмін. Жалпының жақсысы, халқының айбары мен беделі атанған Жақсылық Үшкемпіров Отанымыздың ең жоғарғы атағы «Еңбек Ері» атағымен марапатталғанда қошеметтеп қол соқпаған қазақ жоқ шығар?! Олимппиада чемпионы,палуандық өнердің падишасы, Алаштың маңдайына біткен арысы Жақсылық ағамыз бірде «еңбегімді бағалап халқым қаншама атақ, марапаттаулар жасап жатыр, бәріне ризамын» - деген еді.

Ия, аядай ауылдан шығып, алты құрлыққа танылған Жақсылық ағамыз шынында да атына заты сай, жақсы істердің жалауын көрген ұлт қайраткері еді. Ажалға араша түсер кім бар. Алла ісіне амал жоқ. Күллі халыққа қайғырып көңіл айтамын. Жақсылық Ағамыздың иманы саламат болсын, жаны жәннатта, жаткан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Марқұм Жақсылық ағамыздың от басына амандық тілеймін. Ел-жұртымыздың індет құрсауынан құтылып, амандықта ғұмыр кешуне  Алла нәсіп етсін. 

Сөзімнің соңында бауырлас інісі Қасқырбай Нарбатырдың Жақсылық Ағамызға «Қош бол Аға...» атты арнауын ұсынамын.

Састырды өмірдің мұң бұлт-наласы,

Асқынды көңілдің тым қүрт жарасы.

Үшкемпіров Жақсылық кетті арадан

Ұлт намысын көтерген ұлт баласы.

Еселеген елінің бақ – несібін,

Алаш білген ардақтап нақты есімін.

Қайран Жақаң қазақтың дарабозы,

Ойда-жоқта панидің жапты есігін.

Шуақ шашып жүретін жұртқа түрі,

Қарапайым әсерлі сыртқа қыры.

Бала сынды аяулы өсіп Жақаң,

Ұлт айдары еді рас,ұлт Батыры.

Сейілер ме еңсені езген азап,

Тұлға еді көрінер көзге ғажап.

Жоқтау айтар қаралы кезең кеп тұр.

Жыла қазақ, ботадай бозда қазақ!

Орны енді асылдың бос қала ма,

Келе ме ер дәл сондай басқа жаңа?

Алла берген Алашқа Жақсылық ең,

Алла ісіне амал жоқ, қош бол Аға...

Ақмола облыстық сотының төрағасы

Досжан Әміров

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 348 раз
© 2013-2019 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Разработка - Веб студия "IT.KZ"