Среда, 05 августа 2020 11:16

Конституция

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

Конституция – әрбір мемлекеттің егемендігін, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі бейнелейтін негізгі құжат болып табылады. Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуметті елге айналдық.  Дегенмен, Ата Заң – бізді өткенмен де, болашақпен де байланыстырып тұрған алтын арқау іспеттес.  Ата-бабаларымыз қолданған дала заңы ежелден-ақ құқықтық саясатымыздың негізі болғанын ұмытпауға тиістіміз.

Ұлы даланы мекендеген алты алаштың да өз дала заңдары, өзіндік конституциясы болғаны тарихтан белгілі. Орта ғасырдағы қазақ даласындағы бізге мейлінше жария болып жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері қазақ елінің Конституциясының ертеректе қаланған іргетасы сияқты. Қазақ хандары жолға қойған осы жарғыларды дала заңы деп санасақ, оның «баптарының» халық арасынан шыққан шешендер арқылы қалай өрбігеніне, абыз ақсақалдардың қалай таратып, жөнге салғанына тарихтан көп мысал тартуға болады.

Ал ХХ ғасыр басында ұлттық тәуелсіздікті ту етіп ұстаған Алаш қайраткерлері дербес Конституция әзірлегені де тарихтан белгілі. Алаш ұмтылысынан кейін республикамызда бірнеше Конституциялар өмірге келген. Соның алғашқысы 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ АССР-і Орталық атқару комитетімен тұңғыш Конституция жазылып, РСФСР Орталық атқару комитеті бекітпегеннен кейін күшіне енбеген. Сосын 1937 жылы 26 наурызда Жалпықазақ кеңестерінің X төтенше съезі қабылдап, бекіткен Конституция бар. Қырық жылдық ғұмыры болған осы құжаттың орнын 1978 жылы 20 сәуірдегі «кемелденген социализм» аталған заманның Конституциясы басқан болатын. Міне, осы құжат Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жазылып қабылданған, 1993 жылғы 28 қаңтарға дейін өмір сүрді. 1993 жылғы қабылданған тұңғыш Конституция мемлекетіміздің тәуелсіздігін ең жоғарғы заң тұрғысында саяси-құқықтық сипатта алғаш бекіткен құжат еді.

Уақыт өте келе, заман ағымы мен сұранысына қарай, Бас заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды. Заңдағы біраз олқылықтар жаңа Негізгі Құжаттың қажеттілігін туындатқан болғандықтан, екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі Негізгі заң – Конституция қабылданды. Еліміздің осы негізгі Заңы уақыт сынынан сүрінбей өтті.

Ата заңымыздың өзгешелігі еліміздің  тәуелсіз дамуының мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Қазақстан Республикасының Конституциясы қазіргі кезеңде қазақ елінің бірден бір мызғымас бірлігінің символы және оның заңдық тұрғыдан алғандағы құқықтық қамтамасыз етуші құжаты болып отыр. Ата заң – мемлекеттің тірегі, тәуелсіздіктің реңі. Заңы үстем елдің заманы қашан да тыныш болмақ.

Айымгүл Қантарбаева,

Ақмола облысының кәмелетке

толмағандардың істері жөніндегі

мамандандырылған ауданаралық

сотының кеңсе меңгерушісі

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 444 раз
© 2013-2019 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Разработка - Веб студия "IT.KZ"