Среда, 08 апреля 2020 16:04

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(1 Голосовать)

Абай Құнанбайұлының заң шығармашылығындағы отбасылық құқық.

Қазақ халқының ұлы ақыны:

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.

Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның айтқан сөзі еді. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шамшырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті. Бүгінгі таңда Абай бабамыз терең ойлы философ, әрі адуыны мықты лирик ақын ретінде әлемге мәшһүр десек ешкім дау келтіре қоймасы анық. Ал, Абай бабамызды өз заманында қара қылды қақ жарған тура би болған, дала заңының білгірі әрі заң шығармашылығымен айналысқан қоғам қайраткері болды десек, біреу болмаса екіншінің айтар дауы болуы мүмкін.

Сондай-ақ, Абай бабамыздың билік етіп күрмеуі шиеленген дауларды тапқырлықпен шеше білген би болғанын, сондай-ақ, заң шығармашылығымен айналысқанының бірден-бір дәлелі ретінде  бабамыздың өз зердесінен туған деп қабылдауға болатын ресми түрде оның да қолы қойылған 1885 жылы Қарамолада бес дуанның съезінде қабылданған Ережені айта аламыз.

Бұл жиынға генерал-губернатор Цеклинский қатысқан. Осы Цеклинский Абаймен жолыққанда, Абай оған жалпы қазақ даласын орыс заңдарымен ғана басқаруға болмайтынын, бұл елдің өзінің ерекшеліктері бар екенін, ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан әдет-ғұрпы, заңдары бар екенін, көп мәселелерді қазақ ішінде осы заңдар негізінде шешуге болатындығын айтады.

Абай Шар бойында үш күннің ішінде жанына бірнеше адамды ғана алып, 74 баптан тұратын дала заңын жасайды.

Мен бүгін аталмыш Ереженің отбасылық құқық бөлігіне тереңірек тоқталғым келіп отыр. Неге десеңіз, кез келген мемлекеттің іргесі отбасынан, тұратынын білеміз. Ал кез келген отбасының тірегі – әйел. Ол – ошақтың сақтаушысы, ол – балалардың тәрбиешісі Ана, ол – жұбайының өмірлік серігі. Міне, Абай Құнанбайұлы осы 74 баптан тұратын Ереженің 12 бабын осы әйел мен отбасы мәселесіне арнаған.

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!

Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,

 Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр.

Жар көңіліне бір жанын пида қылып,

 Білместігің бар болса, қылар сабыр.

Ақыл керек, ес керек, мінез керек,

Ер ұялар іс қылмас әйел зерек.

Автордың әйелге, анаға, қыз балаға деген ерекше құрметін, адамгершілік көзқарасын байқаймыз. Ері мен әйелінің ажырасқанын қазақ ежелден құптамаған. Қазірдің өзінде мұны көбіміз ерсі көреміз. Ал Қарамола ережесінде Абай бұған рұқсат береді. Және соның себептерін анықтап көрсетеді. Мәселен, 41-бап: «Күйеуі белсіз болса немесе жазылмайтын сырқаты болса, бір мүшесі кем болса, ердің жасы әйелден 25 жас үлкен болса онда күйеуінен әйелді айыруға болады. Мұндай науқасы болмаса, күйеуінің ықтияры шешеді.

Заңда қазақ өмірінде қазірге дейін маңызын жоймаған құдалық мәселесіне де үлкен орын берілген. Мысалы, баяғыда қазақта жігіттің қалыңдығы өлсе, оның сіңлісін әйелдікке алу салты кездескен. Ал, 45-бапта «Егер қалыңдығы өліп қалып, балдызы жездесіне бармаймын десе, алған қалың малын қыз әкесі күйеуіне қайтарып береді» деп көрсетілген.

Бұл жерде айта кететін бір жайт, аталмыш Ереже  баптарының кейбірі бүгінгі адамдарға түсініксіз болуы мүмкін. Себебі, ол кездегі қоғам – ескі қазақ қоғамы, үйленетін адам қалыңдығы үшін міндетті түрде қалың малын төлеу керек. Әрине, Абай да қалыптасып қалған осы дала заңынан аса алмайды. Бірақ шама келгенше әйел тағдырын дұрыс шешуге ұмтылыс жасағанын байқаймыз. Аталмыш баптарда балиғатқа толған немесе толмаған қыз балалардың зорлануы, отбасындағы әйел мен еркектің арасында келіспеушілік, әйелдің немесе ер адамның отбасын тастап кетудегі әрекетіне қолданылатын жаза, жесір дауына қатысты мәселелер қарастырылған.

Мысалы, осы заңда сол замандағы отбасыларда, ер мен әйелдің арасында болатын барлық жағдай қарастырылған. Егер қалыңдық барған жерінде бала тумай тұрып, о дүниелік болса, оның аты мен ер-тұрамын бір түйемен өз еліне қайтарылады. Егер біреудің әйелі өліп, жездесі балдызына үйленем десе, балдызы бас тартса, қыз жағы оған алған қалың малын қайтарады, балдызын зорлап бермесін делінген. Әсіресе, осы заңның 47 бабы өзінің әділеттілігімен ерекшеленеді. Ол заманда егер әйелдің күйеуі өлсе, қайын жұрты «жесірімізді қаңғытпаймыз» деп, әлгі әйелді өлген күйеуінің туыстарының біріне зорлап қосатын болған. Ал, Абай аталмыш заңның 47-бабында: «Күйеуі өлген жесір әйел сүйсе күйеуінің бір туысқан бауырына немесе ағайынына тиеді, егер де сүймесе, ықтияры өзінде». Міне, бұл сол заманда әйел бостандығына қатысты жасалған әділ шешім деп қарауға болады.

Сондай-ақ, осы заңда күйеуі өлген әйел оның қаншалықты дүние-мүлкіне ие бола алады (баласы барына, жоғына қарай), панасыз қалған балалар бір туысының қарамағына беріліп, ол туысы балалардың ата-анасынан қалған мал мен дүниені орынсыз шашпауына бақылау жасалатыны айтылады.

Ереженің 44-бабында, айттырып қойған қалыңдығынның қалың малын төлеп бітірмей тұрып алып қашса немесе қалың малын төлегеннен кейін алып қашса, оны да реттейтін заң жолын жасаған. Оның себебі, кейде қыздың әкесі қалың малын алса да, қыздың жасау-жабдығын жинау үшін белгілі бір уақытқа кешіктіретін болған.

48-бапта құдалықты бұзған (бұны қазақ «бата бұзу» деп атаған) жақ айыппұл төлейтін болған. Оның да арнаулы мөлшері бар. Ол қалай. Мысалы, қызды айтыррып, қалың малын алып қойғанымен, қыз кейде өз сүйген жігітімен қашып кететін кездер болған. Сонда құдалық бұзылып, қыз беруші жақ қалың малын қайтарады.

Ол заманда қазақ отбасында шешуі қиын шаруалар көп болған. Мысалы, әйелдің күйеуі өлсе, баласы бар-жоғына қарамай, ол күйеуінен қалған малға ие болады. Егер ол қайтадан күйеуге тиемін десе, баласы болған жағдайда күйеуінен қалған малдың сегізден бірін, егер баласы жоқ болса, алтыдан бірін алуға шешкен. Балалары болса, олар киім-кешегімен, малдарымен әкесінің бауырларына асырауға беріледі. Олар сол балалардың малы мен дүние-мүлкін орынсыз шашса, жауап беретін болған. Бұның себебі, егер біреулердің ағасы немесе інісі қайтыс болып, артында балалары қалса, ал жесір әйел басқаға күйеуге тием десе, қайтыс болған адамның туыстары балаларды өздеріне алып қалатын болған. Ол кезде балаларды басқа бір рудың адамына тәрбиеге беру «сүйекке таңба» болып есептелген.

Бүгінгі таңда құдалық рәсімдерінде қарпайым ғана салт-дәстүріміздің бір элементі ретінде санамызға сіңіп қалған құйрық-бауыр асату дәстүрі Қарамола Ережесінің 50-бабында сақталуы міндетті норма болып бекітілген, яғни аталған бапта «Құдалық уағдасы бекіледі – құда түсіп, құйрықбауыр жегеннен кейін»-деп тайға таңба басқандай етіп көрсетілген.

Ол заманда некені молла қияды, сондай-ақ, мүмкіншілік болған жерлерде болыстың хатшысы қағазға түсіріп отырған. Бірақ, құйрық-бауыр да адал некенің бір ажырамас бөлігі болып саналған. Сол дәстүр үзілмей бүгінге жетіп отыр.

51-бапта «Егер күйеуі өлген әйел баласы жоқ болса да, бар болса да күйеуге тимей отырса, күйеуінен қалған барша малға ие болып, билеп тұрады. Егер де күйеуі өлген әйел күйеуге тиемін, шығамын десе, барлық күйеуінен қалған малынан баласы болса сегізден бірін, баласы болмаса алтыдан бірін алады» делінген.

Бүгінгі таңдағы заңға шығармашылық көзқарасымен қарасақ, бұл Қарамола ережесінің бір ерекшелігі - онда материалдық және процестік құқық бір-бірімен араласа келіп, үйлесімді орын табуы. Яғни бүгінде дауды шешугі құзыреті бар судьяның дау шешер алдындағы әрбір іс-қимылы бекітілген нормалар «Азаматтық процестік кодекс» деп аталатын заңдар топтамасына шоғырланғандығы, ал дауды материалдық тұрғыдан нақты шешуге қолданылатын заңдар топтамасын «Азаматтық кодекс» деп атап, екі бірдей институт қалыптастырғанымыз бәрімізге белгілі. Ал, Абай Құнанбайұлы бұл екі бірдей институтты бір ғана ережеде қамти білген.

Қияшева Сәуле,

Ақмола облыстық сотының судьясы

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 1351 раз
© 2013-2019 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Разработка - Веб студия "IT.KZ"