Среда, 01 апреля 2020 15:04

Абай және ХХІ ғасырдағы⠀жер дауларын шешу мәселелері⠀ ⠀

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(1 Голосовать)

Ежелден белгілі талас-тартыстың бірі – жер дауы. «Жер Құдайдыкі» деген заманның өзінде-ақ жайлау, шұрайлы қоныс үшін жауласуға шейін барған мезгілдер болған.

Бірақ жердің кеңдігі бір қонысты, ұнамаса тастай беріп, екінші қонысқа ауысу мүмкіншілігі бар уақытта жерге таластың көп өзгешеліктері болатын. Таластың көбі ұлыс, үлкен рулар арасында болатын да, жеке шаруа, ауыл арасында сирек кездесетін, рудың өз ішіндегі жанжалдар көбінесе сыртқа шықпай, ақсақал, билер шешімдерімен бітетін. Сол себепті ұлыстың, рулардың ішкі өміріндегі қайшылықтарға арналған әдет-ғұрып, жол-жоба тәртібінде жер дауы жайлы ережелер аз. Ертеден, дәлелдеп айтсақ, XVIII ғасырдың ортасына шейін жерге жекеменшік деген бүгінгі мағынадағы ұғым көшпелі қазақ елінде болмады. Бұдан жер кімдікі болса, соныкі, иесіз жатты деу де қате. Ауыл-ауылдың, ру-рудың жайлауы, күздігі, қыстақ орындары бөлінгендігі белгілі, бірақ та тарлық болмайтын. Қоныстары ауысып отыратын, малдары қосылып жайылатын, оларды айыратын заманда жер дауының үлкен қоғамдық маңызы болған жоқ.⠀

Абай кезіндегі жағдай өзгеше. Қазақ қоғамының өміріне, соның ішінде жер қатынастарына да үлкен өзгерістер енді. Жайлау-қоныстың тарылуы, ішкі әлеуметтік қайшылықтардың өсуі ру, ауыл ішіндегі «туысқандық» байланыстардың бөлшектенуіне, жеке шаруа, ия болмаса әрбір ата баласының өз алдына бөлінуіне әкеліп соқты. Жер иеленуде жекеменшіктік өріс алды. Тек қыстаудың айналасындағы қыстық жер емес, жайылымы, су бұлағы, шалғын сайы бар орындар ана ауылдікі, мына адамның жері болып бөлінді, белгіленді. Малды ауыл, малсыз ауыл, әлді-әлсіз ата баласы, бай-кедей болып жіктеліп көбейгендіктен, қонысқа талас, күшпен басып алу – жер дауын көбейтті.⠀

Абай кемел, жан-жақты дамыған, ислам және орыс жазуын жақсы білетін, болыс басшысы болып, халықпен жұмыстың көп жылғы тәжірибесі бар адам ретінде құрметке ие болған. Ол өзінің гуманистік және демократиялық көзқарастарымен, тартыстар мен жанжалдарды шешу кезінде адалдығы және әділеттілігімен, тарихты, қазақтардың әдет-ғұрып құқығының нормаларын терең білуімен Орта және Ұлы жүздер арасында кеңінен танылған, оның аты халықта да, орыс әкімшілігінің арасында да белгілі болған. ⠀

Сол уақыттың жер дауларын шешудің бір мысалына тоқталайық. ⠀

Абайдың туысы, Тәкежанның баласы Әзімбай    күшіне, сүйемеліне сеніп, аз Жігітек руының егініне 30 жылқысын жіберіп, жайдырады. Бұны басынғандық деп санап, жылқыларды егін иелері ұстап алады. ⠀

Әзімбай ашуланып, 150 адам жинап, сойылдасады. Бірақ жылқыларын қайтара алмайды. Енді ол 300 қол жинап жатқанда оған қарсыласудың қиындығын білген  Жігітектің бас адамдары Базаралы мен Дәркембай түн ішінде Абайға кісі жібереді. Абай ертеңіне егін басында Әзімбайдың, Жігітектен Базаралының шағымдарын тыңдап келіп, желінген, тапталған егін үшін, сойылдасқаны үшін Жігітектердің қолында тұрған 30 жылқыны соларға қалдырады. Әзімбай Семей қаласындағы орыс сотына шағым түсіреді. Сот Абайдың билігінен асып түсе алмапты. ⠀

«Қарамола ережесі» деп аталатын заң қағидасы қазақтардың әдет-ғұрып құқығы нормалары мен патриархалды-феодалдық қатынастар үшін тән салт-дәстүрлердің негізінде жасалған. Сонымен бірге, Ресей империясы заңдарының кейбір озық ережелері есепке алынған. Бұл материалдық және процестік тәртіптегі құқықтық нормалардың жиынтығы бір уақытта құрал болып табылған, оны билер әр түрлі тартыстарды шешкен кезде басшылыққа алған.         ⠀

Қарамола ережесінің 55-бабында төмендегідей көрсетілген: біреудің жерін жеген дауларды билер жері пәленшенікі деген елу басылардың куәлігіне қарай тексереді. Тексерген уақытта жерді билер өздері көреді, яки сенімді кісінің куәлігі бойынша жеген жерінің сомасына қарай  билік айтады. Шығынын қайтарып, үстіне һәм айып салады.⠀

Осылайша, жер дауын шешу үшін жердің тиесілігі анықталатын, ол қол жетімді әдістер мен тәсілдермен расталатын: жергілікті жерден бастап куәлар, ру қарияларының айғақтарына дейін.⠀

Ата-бабамыздан қалған ұлан-байтақ жер бар болса да, ауыл тұрғындарының мал жаятын жеріміз жоқ деген сөздерін бұқаралық ақпарат құралдарынан да, елге барған кезде де жиі естіп, көріп жүрміз. ⠀

Еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 220 миллион гектар болса, соның ішінде 187 миллион гектары – мал жайылымдары. Оның ішінде 100 миллион гектар мемлекет меншігінде. Барлық жайылымдардың көлемінен 80 миллион гектар ғана игерілген, яғни 44,3%. 27 миллион гектар жайылымдар тозған.⠀

2018 жылғы 4 мамырдағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы бойынша, Жер кодексінің 84-бабы келесі мазмұндағы 4-1 тармақпен толықтырылған: «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1-тармағына сәйкес жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халықтың жайылымдық алқаптарға деген мұқтажын қанағаттандыру.⠀

Өзгеріс 2018 жылдың 15 мамырынан бастап заңды күшіне еңді.⠀

Осылайша, нақты ауылдық округте жайылымдық алқаптар жетпеген жағдайда, мал басы және алаң, жайылымдарға жүктемелер тұрғысынан, мал бағуды ұйымдастыру, мемлекет мұқтажы үшін жеке тұлғалардан іргелес жатқан алқаптарды алу аудандардың әкімдіктеріне ұсынылады. ⠀

Кәзіргі таңда жер дауларын шешу кезінде соттармен мамандар-жер орналастылушылар тартылады. Олар орынға шығып өлшеу жүргізеді.⠀

Қажет болған жағдайда судьялар көшпелі процестерінде іс бойынша мән-жайларды анықтайды, өйткені жер телімдеріне құқық белгілейтін құжаттардың талдауынан басқа, жер телімін игеру дәрежесі, аралас жер пайдаланушылардың құқықтары бұзылғаны, өте маңызды. ⠀

Жер заңнамасының рұқсат беру сипаты – оның айрықша ерекшілігі болып табылады. Азаматтық заңнаманың жалпы қағидалары – тыйым салынбағанның барлығына рұқсат берілген. Жер заңнамасы рұқсат берілмегеннің барлығына тыйым салады.⠀

Егер жер телімі жеке меншікте болса, оның сегментациясы, нысаналы мақсатын өзгерту, ондағы құрылыс тиісті рәсімдерді өткізгенн кейін жүргізіледі.⠀

IXX ғасырдың екінші жартысындағы билер сотының басты артықшылығы халық сенімінің жоғары деңгейі болып табылады. Теқ қана сол уақыттың заңдарын білуге ғана емес, сонымен бірге дауларды шешу кезінде әділдік қағидаларына негізделген билердің беделі шешуші мәніне ие болған.  ⠀

XXI ғасырда елдің сот жүйесінің алдында осы мәселелердің өзектілігі жалғасуда. Заңдылық пен әділдіктің қатынасы азаматтардың сот жүйесіне, жалпы мемлекетке сенімінің өсуінің өлшемі болуы тиіс.  ⠀

Смағұлова Замира,⠀

Ақмола облыстық сотының судьясы⠀

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 592 раз
© 2013-2019 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Разработка - Веб студия "IT.KZ"