Пятница, 24 января 2020 17:00

Ғосман ағамен бірге болып, араласып, пікір алмасу үлкен бір ғанибет

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

«Атың барда желіп жүріп жер таны, асың барда беріп жүріп ел таны», демекші, қызмет бабына байланысты кең байтақ Қазақстанымыздың бірнеше облыстарының дәмі бұйырып, көптеген жақсылармен, жайсаңдармен, елге еңбегі сіңген ел ағаларымен таныстым. Солардың бірі, бірі емес, бірегейі Ғосман Төлеғұлұлы. 2015 жылдың маусым айында Елбасы жарлығымен Ақмола облыстық сотының төрағасы лауазымына тағайындалып, Көкшетау қаласына қызметке келгеннен кейін көп ұзамай Ғосман ағамен бірге өңірдің біраз алдыңғы буын ағаларымен таныстым. Міне содан бері зымырап екі жылдан артық уақыт өте шығыпты. Осы уақыт ішінде ағамен талай жиын,  той-думандарда бірге болып біте қайнасып кеттік. Ағамыз өзінің бойындағы білімділік, мәдениеттілік, кішіпейілділік секілді адамдық биік сапаға лайықты көптеген қасиеттерімен ерекшеленеді.

Ғосман аға, 70 жасыңыз құтты болсын!

Сіздің жүріп өткен жолыңыз, елге еткен еңбегіңіз бәрімізге аян. Елдің елдігі мен бірлігіне, Егеменді еліміздің дамуына, оның тілінің дамуына қосқан үлесіңіз де ұшан теңіз.

Қазіргі күні облыстық ақсақалдар алқа төрағасы ретінде де көптеген іс-шаралар атқарудасыз.

 «Жақсымен өткізген бір күнің, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай», демекші, Ғосман ағамен бірге болып, араласып, пікір алмасу үлкен бір ғанибет.

Сізді өмірден тоқығаны мол, кең ойлап, өзінен кейінгілерге қамқор қолын ұсынып жүретін аяулы азамат, аға ретінде жақсы білемін. Өзіңіз өміріңізді арнаған саланы дамытуға сіңірген белсенді қызметіңіз, кемел қабілетіңіз кейінгі толқын әріптестеріңізді тәнті етпей қоймайды, жастарға ұлағатты ұстаз, өнегесіз. Әсіресе бүгінгі күні облыстың ақсақалдар алқасының төрағасы ретінде де өңірдің қайнаған өмірінің ортасында жүргеніңіз Сіздің үлкен жүректі ел азаматы екеніңізді көрсетеді.

Өзіңізді әрдайым білікті азамат, білгір журналист, өз ісінің маманы ретінде танытудасыз. Ең бастысы, қай салада, қай деңгейде қызмет етсеңіз де адалдық пен адамдықты ұштастыра білдіңіз. Сіздің қарапайым механизатордан бүгінгі күнге дейінгі атқарып жатқан қызметтеріңіз қажырлы еңбегіңіздің жемісі деп білемін.

Көсіліп жатқан қазақ даласының ең шұрайлы, көрікті өлкесі «Жер шоқтығы Көкшетауда» кіндік қаны тамған серке мінезді, сергек сезімді Сіздей азаматтаң жан сұлулығына сүйсінбеу мүмкін емес!

Домбыра шертіп қоңыр дауыспен шырынды әндер шырқауыңыз осында бұрынғы өткен айыркөмей әнші-серілер талантымен тамырлас қасиетіңізді талассыз танытады. Бұл сіздің туған топыраққа тартқан тұлға екендігіңіздің тағы бір  дәлелі.

Ел үшін аянбай қызмет ету басты парыз деп санайтын, ұлт мүддесін ойлаған, Сізді жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты 70 жастың белесіне алып жетті. Осындай қарқыныңыздан талмаңыз, шабысыңыздан  танбаңыз. Сексенге аяқ басқан шағыңызда да көзіңізден от, жүрегіңізден жылу кетпесін дей отырып, Елге етер еңбегіңіз, жас ұрпаққа берер тәліміңіз алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін.

Сізге және сіздің шаңырағыңызға шаттық, баянды бақыт, зор денсаулық тілей отырып, «Жетпіске желіп жеттіңіз, сексеннен секіріп өтіңіз, тоқсанда тоқтамаңыз, жүзге келгенде ақылдасамыз», демекпін. Өмірдің барлық қуанышын қызықтап, Алланың берген жасын жасап, кісілік келбетіңізден танбай, несібе-дәулетіңіздің арта беруіне ақ тілегімді білдіремін.      

Құрметпен,

Ақмола облыстық сотының төрағасы

Досжан Әміров

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 258 раз