Среда, 11 декабря 2019 16:45

Сот жүйесінің негізгі бағыты азаматтардың құқықтары мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

Ағымдағы жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VI шақырылымның бесінші парламенттік сессиясының ашылуында Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысы барысында «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жария етті. Жолдау қазақстандықтардың кең қолдауына ие болды, осыған дейiн көпшiлiктiң көңiлiнде жүрген бiрқатар мәселелердiң ара-жiгiн ашып бергендей болды және де бүгінгі күні барлық мекемелерде, ұйымдарда Жолдауды түсіндіру бойынша кездесулер ұйымдастырылып, Жолдау мәселелері кеңінен талқылануда.

Биылғы Жолдау «Заманауи тиiмдi мемлекет», «Азаматтардың құқықтары мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету», «Қарқынды дамыған және инклюзивтi экономика», «Әлеуметтiк жаңғырудың жаңа кезеңi», «Күштi өңiрлер - күштi ел» атты бiрнеше тақырыптық бөлiмнен құралған. Бұл ретте, билiк пен қарапайым халықтың арасында дұрыс байланыс орнату, көпшiлiктiң ой-пiкiрiмен санасу туралы айтылған ойлар бәрiмiздiң көңiлiмiзден шықты деп айтсақ артық болмас.

Жолдауда айтылған негізгі тапсырмалардың бірі - азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл мәселелер Жолдаудың «Азаматтардың құқықтары мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету» атты екінші тарауында қамтылған.

Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы деп Жолдауда айтылған.

Еліміздің Президенті өз Жолдауында соттардың алдына сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шаралар қабылдап, судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие екендігін айтып, дегенмен, сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру жөнінде нақты міндеттер қойды.

Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді.

Сондықтан, жария-құқықтық даулардағы мемлекеттік органдардың әрекеттері мен шешімдеріне шағым берген кезде, азаматтар мен мемлекеттік органдардың арасындағы айырмашылықты тегістейтін дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет енгізілетін болады.

Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы. Аталған дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетін болады.

Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс.

Сондай-ақ, Жолдауда жеке адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша жазаны қатайту маңыздылығы көрсетілген.

«Соңғы жылдары шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тартылған. Алайда, елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Заңнаманы ізгілендіру ісіне көбірек мән берілді және азаматтардың негізгі құқықтары назардан тыс қалдырылды» - деді Президент. 

Сондықтан, Ел басшысы жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту жөнінде Парламент және Үкіметке нақты тапсырма берді.

Биылғы Жолдауда сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажеттілігі айтылып, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керектігі көрсетілген.

Сонымен қатар, Еліміздің Президенті Жолдауында мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға азаматтардың өтініштерін қарау сапасын жақсарту керектігін тапсырды, бұл – заманауи сот жүйесінің ажырамас бөлігі болып есептеледі.

Дана Мукашева,

Ақмола облыстық сотының судьясы                                     

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 485 раз