Среда, 12 июня 2019 17:20

Жария-құқықтық қатынастар

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

Жария-құқықтық қатынастар – бұл мемлекеттік басқару саласындағы мемлекет пен азаматтар арасындағы билік және бағыну қатынастары.

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы N 91 Заңымен ратификацияланған «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінінің» 25-бабына сәйкес, әрбір азамат қандай да болсын кемсiтушiлiкке және негiзсіз шектеуге ұшырамай:

1) тiкелей өзi, сондай-ақ ерiктi түрде сайланған өкiлдерi арқылы, мемлекет iсiн жүргiзуге қатысу;

2) сайлаушылардың еркiн бiлдiру бостандығын қамтамасыз ететiн жасырын дауыс беру жолымен жалпыға бірдей және тең сайлау құқығы негiзiнде өткiзiлетiн шынайы мерзiмдi сайлауда дауыс беру және өзi сайлану;

3) жалпыға бірдей теңдiк шарты бойынша өз елiнде мемлекеттік қызметке орналаса алу құқығы мен мүмкіндігiне ие болуы тиiс.

Қазақстан Республикасының Конституциясы 33-бабының 1-бөлігіне сай, қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар.

Кез келген жеке және заңды тұлға мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) сотта дау айтуға құқылы. Бұл ретте, жоғары тұрған органның, ұйымның, лауазымды адамның, комиссиялардың немесе омбудсменнің өтінішті қарауы заңда белгіленген жағдайларда азаматтың және заңды тұлғаның арызы сотқа жүгінудің осындай тәртібі сақталғаннан кейін беріледі.

Егер арыз беруші өзіне тиесілі субъективтік құқықтар, бостандықтар немесе заңды мүдделер бұзылды, сондай-ақ, оның өзінің субъективтік құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерiн жүзеге асыруға кедергі жасалды немесе (және) оған қандай да бір мiндет заңсыз жүктелді деп есептесе, мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шешіміне, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) сотқа шағым бере алады.

Мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының алқалық немесе жеке шешімі, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекеті (әрекетсіздігі), егер олар бір уақытта мынадай екі белгіге сәйкес келсе - мемлекеттік басқару саласындағы жариялы-құқықтық қатынастардан (билік және бағыну қатынастарынан) туындаса; арыз беруші үшін жоғарыда аталып өткен кез келген құқықтық салдарды тудырса, арыз беруші оларға шағым беруге құқылы.

Шағым беруге болатын әрекетке лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің шешім нысанына келтірілмеген, бірақ арыз беруші жоғарыда көрсетілген кез келген құқықтық салдарға әкеп соқтырған билік талабы жатады. Әрекеттерге, атап айтқанда, атқарушы-өкімдік функцияларды, билік өкілі функцияларын, мемлекеттік қадағалауды немесе бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің ауызша түрде айтылған талаптары жатады.

Ал шағым берілуі мүмкін әрекетсіздікке лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің оған нормативтік құқықтық актілермен (лауазымдық нұсқаулықтар, ережелер, регламенттер, бұйрықтар) жүктелген міндеттерді орындамауы жатады. Әрекетсіздікке, атап айтқанда, азаматтың немесе заңды тұлғаның өтінішін толығымен немесе ішінара қараусыз қалдыруды, егер өтінішті қарау лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің құзыретіне жатса, арыз берушіге жауапты осы өтініштің мәні бойынша бермеуді жатқызған жөн.

Жоғары тұрған лауазымды адамға немесе жоғары тұрған мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына арыз беру арызды сот өндірісіне қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды. Арыз беруші жоғары тұрған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе жоғары тұрған лауазымды адамның шешімімен келіспеген жағдайда, жоғары тұрған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе жоғары тұрған лауазымды адамның шешімі де, сондай-ақ төмен тұрған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шешімі, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекеті (әрекетсіздігі) де сот тәртібімен шағымдануға жатады.

Арыз беруші шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) ол субъективтік құқықтарының, бостандықтарының немесе заңды мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өзіне белгілі болған күннен бастап үш ай iшiнде шағым бере алады. Бұл ретте, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, арыз берушіге оның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылғандығы туралы мәлім болған уақытты дәлелдеу міндеті жүктеледі.

Ақмола облысының Біржан сал

аудандық сотының судьясы

А.Д. Уразов

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 195 раз
© 2013-2019 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Яндекс.Метрика
Разработка - Веб студия "IT.KZ"