Среда, 21 февраля 2018 11:45

Мемлекеттік тіл

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(1 Голосовать)

Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлім тәрбиесінің негізі. Тіл жойылса, халық та жер бетінен жоғалады. Қазақ халқы қашанда сөз мәдениетін жоғары бағалаған. Бір ауыз аталы сөзге тоқтаған. Жер дауы, жесір дауы, ұлттың мүддесін де шеше білген – тіл. Тіл мәдениеті –  рухани құндылығымыз. Рухани құндылықты сақтау, оған немқұрайлы қарамау, жіті меңгеру – әрбір рухани өресі кең, көкірек көзі ояу, «мен қазақпын!» деген әрбір жанның міндеті. Бойымызда қазақтың қаны соғып тұрғанда жүрекпен қазақ тілінің қадір-қасиетін ұғынуымыз қажет-ақ.

Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Халық қаһарманы Б.Момышұлы «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарауы және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.

Қазақстанда қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 13-бабында «Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деп атап көрсетілген.

Осыған орай іс жүргізіп отырған тілді білмейтін немесе жөнді түсінбейтін адамдарға – сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарынмен танысу, сотта сөйлеу және заңда белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы қамтамасыз етіледі.

Істі сотқа әзірлеу кезінде судья талап қоюшыдан, жауапкерден, іске қатысушы басқа да адамдардан олар сот ісі жүргізілетін тілді біле ме, оларға аудармашы қажет пе, соны анықтауға міндетті.

Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан – ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы. Әрбір азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарауы және қазақ тілінің орынсыз шұбарлануына жол бермеуі тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды. Бүгінде кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі – қазақ тілін жақсартып, биік белестерге көтермеуіміздің қатерлі дерті болып табылады. Туған тілден безінген азаматтарды көргенде Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік» -деп ашына айтқаны ойға оралады. Елінің болашағын ойлаған әр азамат ана тілінің болашағына да қолынан келген көмегін аямауы тиіс. Өкінішке орай, соңғы кезде көптеген қазақ жастары өз ана тілін бұрлмалап сөйлеуді әдетке айналдырған. Ата-ананы қадірлеу қалай керек болса, өз ана тілімізді қадірлеуді, қастерлеуді, аялауды қолға алайық. Төл тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей.

Сержан Ақылбайұлы Қожамұратов

Көкшетау қалалық сотының судьясы.

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 2953 раз
© 2013-2019 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Разработка - Веб студия "IT.KZ"