Понедельник, 27 июля 2020 16:16

Күн ысып келеді. Суға түсуге бола ма?

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

Елімізде коронавирус пандемиясының белең алуына байланысты жарияланған төтенше жағдай алынғанымен, карантин режимі сақталып отыр. Осыған орай, жұқпалы індеттің әлі де басылмағанына байланысты тиісті мамандардың өзен-көлдерге шомылуға бола ма, жоқ па деген пікірлерін сұрап, білдік.

Облыстық төтенше жағдайлар басқармасы мамандарының айтуынша, көлге түсу маусымы әлі басталған жоқ. Десе де, адамдар оған мән бермеуде, су қоймаларына барып шомылуда.

– Су әлі жылыған жоқ. Сол себепті біздің құтқарушылар аяқ-қолдың тартылып қалуы салдарынан бірнеше адамды суға батып бара жатқан жерінен құтқарып қалды. Адам шығыны да орын алған оқиғалар тіркелді. Сондықтан, су жылымай, шомылу маусымы басталмай жатып, көлдерге түсу қауіпті. Дегенмен, біздер суға шомылуға болмайды дегенімізбен, адамдар тыңдамайды. Сол себепті көлдердің маңында біздің құтқарушылар жұмыс істеуде, –деді төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғаныс бөлімінің мамандары.

Бұл орайда, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары да пікірлерін білдірді:

– Облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның ағымдағы жылғы 10 мамырдағы №47 қаулысына сәйкес туризм қызметі мен туристік агенттіктердің жұмысы қайта жанданды. Суға түсуге келер болсақ, көл жағалауындағы демалыс орындарының әкімшіліктері шомылу маусымы басталар алдында көлдерді тексертулері керек.

«Санитарлық-химиялық, микробиологиялық, радиологиялық, вирустық көрсеткіштерге тексерістен өткізгеннен кейін төтенше жағдай қызметтерінен сүңгуірлерді арнайы құрылғыларымен шақыртып, көлдің жағажайларын тексертіп, судың түбін және адамдардың шомылатын аумақтарын тазалатып, олардан атқарылған жұмыс туралы акт талап етулері қажет. Бассейндерге келетін болсақ, оларға құйылатын су жер үсті немесе жер асты сулары болуы мүмкін, бірақ, күн сайын ауыстырып отыру керек. Ал, коронавирусқа байланысты көлдерге түсу не түспеу адамдардың өз еркінде және туристік аймақтардағы демалыс орындарында әкімшіліктер тазалықты қадағалап отырулары тиіс. Егер инфекциялық жұқпалар тексеріс кезінде анықталмаса, көлге тек маусым ашылғанда ғана түсуге болады».

Күн ысып келеді. Өзен-көлдерге түсуге бола ма деген біздің сауалымызға облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім меңгерушісі Зәуреш Хабдулина осылай деп жауап берді.

«Сақтансаң, сақтармын» демекші, табиғатқа шыққанда, я болмаса көлге барғанда апаттан да, індеттен де қорғанып жүрген дұрыс.

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 212 раз
© 2013-2019 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Разработка - Веб студия "IT.KZ"