Вторник, 29 октября 2019 10:04

Киноға түсу оңай деп кім айтты?!

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(1 Голосовать)

Өткен жолы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен Бурабайда қысқа метражды фильмдер түсіріліп жатқанын айтқан болатынбыз.

Ендігі сөз осы фильмнің біреуіне түскен актер Сағиділда Усипбалиев жайында. Ол кезінде «Тамаша» ойын-сауық отауының бас редакторы болған, Қазақстанда тұңғыш рет өткен республикалық «Жігіт сұлтаны» байқауының Гран-при иегері. МузАрт секілді елімізге танымал топтардың құрылуына атсалысқан азамат. Сондай-ақ, ол Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген «Қазақ елі» тұңғыш анимациялық фильімінің сенарийін жазған. Міне, осындай актерлер түсіп жатқан Бурабайдағы фильмдердің де деңгейі жоғары болмақ.

Күзде болғандықтан, күн суытып кетті. Әсіресе, таңғы уақытта қатты тоңамыз. Менің бұл жолы актерлердің жұмыстарының ауырлығына тағы бір мәрте көзім жетті. Сценаридегі сахнаның бірінде Сағи (Сағиділда) көлдегі браконьер балықшының ауына шырмалып қалған аппақ қазды құтқару керек. Бізде қаз жоқ. Ол үшін жақын маңдағы ауылдардың бірінен прокатқа қаз сатып алдық. Қазды прокатка алғанды кім көрген?!)

Иесі әлгі қазды көмір қорада ұстаған болуы керек қаз қап-қара, кір-кір. Оны аппақ болғанша тазалап жудық. Ендігі мәселе қазды Айнакөлдің жағасына байлап қою... Қаз суда тұр. Оны құтқармақшы болған Сағи күннің де, судың да суығына қарамастан шешініп тастап, көлге түседі де қазды алып шығады. Бұл көрініске сырттан қарап тұрып біз тоңдық.

Уф, түсіріп бітті. Жоқ, түсіре алмапты. Қате. Екінші дубль... Ол да сәтсіз... Үшінші... Төртінші... Сағи сыр бермейді. Күн қайнап тұрғандай суға қойып кетеді. Қазды алып шығып, плетке орап жатады. Қаз дір-дір етеді. Сағи ағадан күннің суығы білінбейді. Қарап тұрып сүйсінесің...

Фильмнің комедиялық жанрда түсірілгенін білесіздер ғой? Сағи аға екі адамның рөлін қатар ойнайды. Біреуі – Сағи. Екіншісі оның егізі ұмытпасам есімі Мәди немесе Әли болатын. Нақтысын фильм шыққанда көріп аларсыздар. Екі кейіпкердің де көрерменді күлдіретін қылықтары көп.

Әңгіме кинодағы Сағи жайлы емес. Өмірдегі Сағи жайында.

...Түсірілімнің екінші күні жайсыз хабар келіп түсті. Сағи ағаның әкесі қайтыс болыпты... Түсірілімді тоқтатуға болмайды. Уақыт жоқ. Сағи аға тоқтап демалыс та сұраған жоқ. Өзінің комедиялық рөлін тамаша ойнап шықты. Кешке Бурабайға жақынмаңдағы Сарыбұлақ деген жерде орналасқан «Риза» қонақ үйіне барып тынықтық. Қонақ үй иесі Риза апай Сағи ағамыздың көңілін демеп шай дастархан жасап қойыпты. Актерлер ол кісіге де риза болды. Біз асқар тауы құлаған ағамызды жұбатуға сөз таппай отырдық. Ертең съемка...

Түсірілім біткен жоқ. Бәрін тастап кетсе, фильм аяқсыз қалады. Сондай сәтте туған әкеіңе бара алмау қандай қиын болса, ішің жылап тұрып, комедияға түсу қанша есе ауыр екенін біз білмейміз. Сағи аға екінші күні де таңғы 7-ден бастап, кешкі 18-00-ге дейін съемкада болды. Сырт көрген адам бұл кісінің басында қайғы бар деп ойламайды. Сыр бермеді.

Мен – бұл кісінің өнерге деген жауапкершілігі мен ішкі рухының мықтылығына басымды идім. Киноға түсу оңай деп кім айтты...

Мерген Тоқсанбай

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 222 раз Последнее изменение Вторник, 29 октября 2019 10:09