Пятница, 12 апреля 2019 12:36

Апат айтып келмейді

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(2 голосов)

Қазақстан аридтік зонадағы мемлекет. Алайда көктем туысымен еріген қар суы елді мекендерді басып алапат күшке айналып ел экономикасына зиянын тигізіп отыр.  Көктемгі ту тасқыны маусымдық құбылыс болғанымен, соңғы он жылға таяу кезеңде сақтану мен алдын-алу мүмкін болмай тұр.

Келтірілген шығындар көлемі жыл сайын артпаса, кемитін түрі көрінбейді. Іргесі сөгіліп, қабырғасы қақырап тұруға жарамсыз болған үй-жай, қора қопсы, дүние мүлікті айтпағанда адам шығының болуы өзекті өртейді. Заман ақыр боларда жерді топан су басады деген әпсаналарға сенейік десекте, жылдық жауын - шашынның мөлшерінде өзгеріс тағы жоқ. Сол баяғы көп жылдық орташа нормадан аспайды, таңның атысы күннің батысы да өз жөнімен өтіп жатыр. «Өткен күннен белгі жоқ» - десекте зардабы мен қайғы - қасіреті ел жадынан өше қоймаған өңірлердегі көктемгі су тасқынына тоқталып өтсек.

Судан келген ең зор қауіп 2010 жылдың 12 наурызында Алматы облысында болды. Жауған қар мен еріген қар суының әсерінен Қызылағаш су қоймасының бөгеті бұзылып бірнеше елді мекен су астында қалды. Бейбіт күнде 43 адамның өмірін жалмады. Зардабын жою үшін – 53 миллион доллар қаражат бөлінді.

Батыс Қазақстан облысына 2011 жылдың сәуіріндегі көктемгі қарғын су 19 миллион теңге және ауыл шаруашылығына 124,9 миллион теңгенің шығынын әкелді. Орал қаласында жүздеген үй су астында қалды.

Орталық Қазақстанда 2014 жылдың 31 наурызында Қарағанды облысының Көкпекті су қоймасының бөгеті сыр беріп, алапат су 5 адамды бұл өмірмен қош айтыстырды. Тосыннан келген апаттан жүздеген үйлер су астында қалды. Келтірілген шығын көлемі 87,6 миллион теңге. Далада жайылған қарғын су теңіздей жайылып республикалық күре жол мен темір жолдарды шайып апатты жағдайлар туғызған сәттер де болды.

Ақмола облысының Атбасар ауданында бұл құбылыс қайталануымен ерекшеленеді. 2014 жылдың 14 сәуіріндегі көктемгі су тасқыны 330 үйді басып қалды. Араға  3 жыл салып 2017 жылдың 15 сәуірінде ырық бермеген қарғын су мен Жабай өзені арнасынан тағы да асты. Бос топырақтан үйілген дамба бұзылып, Атбасар қаласын су басты. Экономикалық тұрғыда дамба салуға қарағанда, тұрғындарды көшіріп көп қабатты шағын аудандар салу тиімді – деп шешім шығарылып іске кірісті. Жұмсалған қаражат көлеміде қомақты. 

2018 жылдың көктеміндегі Шығыс Қазақстан облысының  бірнеше елді мекендері мен Семей қаласында көктемгі су тасқыны әбігерге салды. Шығын көлемі айтарлықтай. Тек бір көңілге медет қылар жағдай адам өлімі болған жоқ.

2019 жылдың сәуірі де Ақмолалықтар үшін тәуір болмай тұр. Еріген қар суы Кенесары бөгетін бұзып кетті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы А.Советов бұл судан келер қауіп жоқ, Ивановск бөгетінде ұстап тұрамыз - деп мәлімдеді. Алайда араға күн салып арындаған су әлі ери қоймаған Қылшақты өзенінің арнасына сыймай өз дегенін істеді. Көкшетау қаласының вокзал маңындағы көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлесі мен жеке меншік сектордың аулаларын, кәсіпорын аумақтарын су басты. Бүгінгі күні Бұланды ауданының Қараөзек ауылы, Зерендінің Доломитово ауылы, Астрахан ауданында Ескі Колутон кенті, Аршалы ауданында және Целиноград ауданының бірқатар елді мекендерінде тасқынның қатер бұлты сейілер емес.

Көршілес Солтүстік Қазақстан облысына да биылғы көктемгі су тасқыны  Қаратал және Қулыкөл ауылдарын әуре сарсаңға салудан басталды. Қаратал ауылының тұрғындарын уақытша көшіруге тура келді. Облыстық Қазгидромет мекемесінің мәліметі бойынша қардың қалыңдығы кейбір аудандарда жылдық нормадан көп және қар көбесі әлі сөгіле қоймағанын ескертті. Қарғын судан алдын - алу шаралары кезек күттірмес мәселе екендігі сөзсіз.

«Қамданған қапы қалмайтынын ескерсек» көктемгі тасқынның алдын - алу үшін кешенді іс-шаралар атқаруды қажет етеді. Соңғы кездегі ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жүрген нөлдік технологияның тиімділігін ой елегінен өткізген жөн сияқты. Себебі соңғы кезде солтүстік өңірде күзде сүдігер жырту, қыста қар тоқтату жұмыстары қаражат үнемдеу мақсатында өткізілуі азайған. Алты ай қыста жердің тоңы өңделмеген топырақта  тереңге кетіп ерте көктемде еріген қар сулары жерге сіңбей сай - саладан жиналған су  үлкен күшке айналуда. Сөзіміз дәлелді болу үшін көптен ауылда тұратын ағайындардың бұрындары мұндай жағдайдардың болғаны естерінде де жоқ және үлкен көлемдегі сулардың келуіне қайран қалуы. Әрбір елді мекендердің сыртымен арықтар қазып даладан келген суларды жинақтайтын ауыл сыртында жасанды тоғандар жасау. Бұл бір жағынан жаз мезгілінде мал мен егін суару, қаз үйрек ұстау мен жағасын абаттандырып шомылуға таптырмас   мүмкіндік болмақ. Теңіздің жағасындағы орналасқан Нидерландия мемлекеті де судан тапшылық көрмеседе, жауған жаңбыр суын шашау шығармай жинап алып кәдеге жаратып отыр. Ал бізде керісінше көктемде суға кетсек, жаздың аптап ыстығында аңқамыз кеуіп суға жарымаймыз. «Отын олжа, су қорлық» - дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Бек БЕРЕН

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 540 раз
© 2013-2019 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Яндекс.Метрика
Разработка - Веб студия "IT.KZ"