Среда, 03 апреля 2019 18:43

Корея - қорек көзі ме, әлде ...?

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(3 голосов)

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі А. Смадияров ведомстваның брифингінде Оңтүстік Корея елінде соңғы жарты жылдың ішінде 30 – 40 жас  аралығындағы 7 отандасымыздың қайтыс болғанын мәлімдеді.

Иә «өзекті жерде өлім бар» - деп қазанды жылы жауып қоя салсақ болар еді. Алайда кісі жерінде тепсе темір үзетін, еңбекке жарамды азаматтардың өмірінің қиылуы бейжай қалдыруы мүмкін емес және астарына үңілуге тырыстық.  Соңғы кезде көрші - көлем, тамыр - таныстардан шетелге жұмыс істеуге кетті дегендерді жиі еститінбіз. Осындай мемлекеттердің қатарындағы елді магнитше тартып отырған Оңтүстік Корея мемлекетіне бір аз кем тоқтала өтсек.

1945 жылы екіге бөлініп тынымсыз еңбек пен білімнің арқасында бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен ел. Халқының саны 51 млн адамға жуық. Орташа өмір сүру жасы 80 жас шамасында. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы демографиялық дүмпу тоқыраған. Урбанизация деңгейі өте жоғары халықтың 80% қалада өмір сүреді және бір отбасында 1 - 2 баладан аспайды.

Сапалы медициналық қызмет көрсету мен жоғары білім деңгейінің нәтижесінде өлім - жітім көрсеткіші өте төмен. Елдегі орташа жас артып, мемлекет «қартая» бастаған, яғни дамыған елдерге тән құбылысты бүгінде бастан кешіруде. Еңбек етуге жарамды 15 - 65 жастағылардың үлесі - 72,9%, 65 жастан асқандар - 11,4%-ды құрайды. Мұндай өркениетке жету үшін көп тер төгілген. Осылай бола тұра ғылым мен техниканың жоғары мамандарына, жұмысшы күшіне деген сұраныс әлі де болса байқалады. Кореялықтар көп жылдар бойы аптаның 6 күн бойы, күніне 10 сағаттан  жұмыс істеген. Таяуда ғана 40 сағаттық 5 күндік жұмыс күніне көшкенімен бұл мигранттар үшін арман дүние.                         

Ал елімізден жайлы өмір мен қалтаны қампайтар жұмыс іздеушілердің осы мемлекеттегі жай күйіне тоқталсақ. Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Корея республикасы Үкіметаралық келісімге сәйкес қазақстандықтар Корея аумағында 30 күннен артық емес визасыз режимді пайдалана алады. Бірақ бұл жағдай туристік, іскерлік, емдеу-сауықтыру, ағартушылық, мәдени және туыстық барып келу үшін мақсатында ғана болмақ. Маусымдық жұмысқа келушілер туристік визаны пайдаланады. Кореяның миграциялық қызметкері ел аумағына келген кез-келген адамнан келу мақсатын сұрайды және нақты жағдайға қаншалықты сәйкес екендігін анықтайды.

Медициналық сақтандыруды рәсімдеуді өтінеді және шетел азаматтарына бұл мемлекетте тегін медициналық көмек көрсетілмейді. Ал емделуге келушілердің қалтасы көтере бермейді. Медициналық қызмет өте қымбат. Корея жағынан туристердің келушілердің келу мақсатын анықтау үшін қайтатын билетін, туристік агенттіктер мен медициналық мекемелердің шақыруын ұсынуды міндеттейді. Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, өткен жылы 5000 еліміздің азаматтарын Корея өз аумағына кіргізбеген.

Осы мемлекетте ресми дерек көздері 31 мыңның үстінде қазақстандықтар тұрып жатқанын растайды. Олардың 11860-і заңсыз жүргендер деген мәлімет келтіреді. Шекара қызметінен сәтін салып өткеніңмен арықарай да жағдай жайлы бола бермейді.Заңды түрде еңбек келісім шарты жасалмаған себепті көп ретте жертөлелер мен құрылыс алаңдарында өмір сүреді. Миграциялық инспекторлар қолына түсіп қалам ба – деген қорқыныш тағы бар.

Жексенбіден басқа аптаның алты күніндегі ауыр еңбектің мехнаты мен асқазанға жайлы бола бермейтін ас мәзірін де қосыңыз. Телесериалдағы жайлы өмір мен бақуатты тіршілік бұла күшін  сатып қаражат табуға барған мигранттар үшін арман болып қала бермек.          Бүгінде құл саудасы құтты басқаша формада өтіп жатқандай елестейді.

Ертеде еріксіз түрде қойша көгенделіп, күшпен тасымалданса, ендігі жерде ауыздан жырып соңғы тиын тебенімізді салып сау басқа сақинаны өзіміз тілеп алғандаймыз. «Арқада қыс жылы болса арқар ауып несі бар» - дегендей отбасының қамы үшін басын бәйгеге тіккен отандастарымызды бір жағынан жазғыру да жөн емес сияқты. Алайда жыртылған көйлек жамалып, ашқан қарын тойынатынын ескерсек ең бастысы бастың амандығы ғой, аман болшы ағайын!

  Бек БЕРЕН

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 390 раз Последнее изменение Среда, 03 апреля 2019 18:46
© 2013-2019 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Яндекс.Метрика
Разработка - Веб студия "IT.KZ"