Среда, 11 июля 2018 13:47

Сырға толы кездесу

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(2 голосов)

Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен Астана қаласының жиын пунктінде ҚР Қарулы Күштерінің ардагері генерал-майор Владимир Шацковтың қатысуымен Елордамыз – Астананың 20-жылдығына орай «Астана - Тәуелсіздік нышаны» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шараға жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы қатысты. Кездесу барысында «Астана» өңірлік қолбасшылығының тұңғыш қолбасшысы генерал-майор Владимир Шацков әскери қызметшілерге Астананың Алматыдан көшуі кезіндегі Ақмолада құрылған жедел басқару тобының атқарған қызметтері туралы баяндап берді.

«Барлық басқару органдары Астанаға көшіп жатқандықтан, Қарулы Күштердің басшылығы да біртіндеп Елордаға ауыса бастады. Ауа-райы жайдары Алматыдан қысқа жең көйлекпен келген біз, яғни, жедел басқару тобының офицерлері, алдымен жылы киім іздей бастадық. Ол кезде кімнің генерал, кімнің полковник екендігіне қарайтын мұрша болған жоқ. Солдаттардың малақайы мен бушлатын киіп, алда күтіп тұрған міндеттермізді орындауға кірісіп кеттік. Ауысып келген соң жарты жыл бойы қызметтік кабинетіміз – баспанамыз да болды.

Жедел басқару тобымен бірге құрылыс батальондары да Астанаға жіберілді. Бізге қойылған міндет – қысқа мерзім ішінде Қарулы Күштерінің Бас штабын қалыптастыру. Қазіргі 3-штаб пен қасындағы жатақхана сол кезде көтерілген. Құрылыс пен қатар жаңа жоспарлар мен жобалар да әзірлеу қажеттілігі туындап жатты. Атқаратын істің көптігі сонша, бастық және бағынысты болып санасатын уақыт болмады. Тіпті, сары масаларға у себуге де Қорғаныс министрінің орынбасарымен бірге өзіміз шыққан кездеріміз болды.

Ең бастысы, осыншама қысқа мерзімде жаңа Астанамен қатар қуатты Армия құрылды. Сіздер, әскери қызметшілер, бүгінгі жарқын кезеңде Тәуелсіздікті қорғау жолында адал қызмет етіп жүрсіңдер, ал сол Тәуелсіздіктің нышаны – Астана! Ендеше, Астана жасай берсін!», - деп ардагер Астанадағы Армияның қалыптасу кезеңіндегі тарихи сәттерімен бөлісіп, жеке құрамды құттықтады.

Кездесу соңында полковник Ерлан Жабықбаев жеке құрам атынан ардагерге алғыс білдіріп, Астананың 20-жылдығына арнай шығарылған «Астана. Летопись 20-летия» атты энциклопедия табыс етті.

Аталған экциклопедияға «Астана» өңірлік қолбасшылығының тұңғыш қолбасшысы ретінде генерал-майор Владимир Шацков та енгізілгенін атап өткен жөн.

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 51 раз
© 2013-2018 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Яндекс.Метрика
Разработка - Веб студия "IT.KZ"