Техникалық байқаудан бас тарту қажет

Жеке тұлғалардың көлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізудің қажеті жоқ. Бұл туралы «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары мәлімдеді.

Техникалық байқау формальды шараға айналып, сыбайлас жемқорлық тәуекелін туғызды. Бұл шара көлік құралы иесі мен жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігіне кепіл бола алмады. Сондықтан техникалық байқаудан бас тарту қажет.

Мәжіліс депутаты, ҚХП фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров елде жыл сайынғы техникалық байқаудан өтуге міндетті 2,7 млн көлік құралы бар екенін тілге тиек етіп, автокөлік иелерінің басым бөлігі заңға бағынатын азаматтар екенін, олар 2-5 мың теңге аралығында төлем төлеп, техникалық байқаудан өткені туралы акт алып отыратынын айтты.

– Осы саланың бәсекелі ортаға берілгеніне және техникалық байқау өткізетін жеке станциялар желісінің құрылғанына қарамастан, техникалық байқаудан өту рәсімі формальды түрде атқарылып, сыбайлас жемқорлыққа бастады, – деді Айқын Қоңыров.

Өткен жылы полиция Көлік комитетінің қызметкерлері құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Ұйымдасқан қылмыстық топ нақты техникалық байқаусыз 260 мыңнан астам диагностикалық карта жасаған. Бұл істі ел бойынша жалған тұлғаларға тек «қағаз жүзінде» рәсімделген 28 компания жүзеге асырған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тіркелген мекенжайларда техникалық байқау орталықтары, қажетті техникалық жабдық, техникалық байқау өткізетін жер және маман болмаған.

– «Қазақстан Халық партиясы» фракциясы еліміздегі автобустардан, жүк көліктерінен және такси ретінде коммерциялық мақсатта пайдаланылатын көлік құралдарынан басқа автокөліктерден міндетті техникалық байқауды және көлік иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартуды алып тастау қисынды деп санайды, – деп қорытты сөзін Айқын Қоңыров.

ҚХП баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика