Шахматшы Сәдуақасова Президенттің құттықтауына жауап берді

Шахматшы Сәдуақасова Президенттің құттықтауына жауап берді

244 Арман

Қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова әлеуметтік желіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауына жауап берді.

Бұған дейін Президент оны әйелдер арасында жылдам шахматтан әлемнің вице-чемпионы атағымен құттықтаған болатын, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Мен үшін бұл — үлкен мәртебе. Осындай құттықтауларды, сондай-ақ жылы лебіздер мен тілектерді алғаныма өте риза болдым. Президентке қазақ спортшыларының ерен еңбегіне назар аударғаны үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Кімге болса да бұл үлкен ынталандыру мен мотивация береді. Оның үстіне, қазақстандықтардың үмітін ақтау, жаңа белестерді бағындыру – үлкен жауапкершілік» Динара Сәдуақасова

Сонымен қатар шахматшы спортшылардың жетістіктеріне назар аударудың өскелең ұрпаққа үлкен әсер ететінін айтты.

«Мұндай марапат жас шахматшыларға да әсер етеді деп айта аламын. Менің шахмат академиямда мыңдаған түрлі ортадан шыққан балалар білім алып жүр. Қазірдің өзінде олар маған мессенджерлерде және әлеуметтік желілерде хабарламалар жіберіп, менің осындай құттықтау алғаныма қаншалықты қуанышты екендерін жазып жатыр. Сондай-ақ жақын арада өздері де сол секілді үлкен жетістіктерге жететіндерін айтады. Дәл солай болатынына мен де сенімдімін! Көп Рахмет!» Динара Сәдуақасова

Еске сала кетейік, турнир үш күн бойы – 26-28 желтоқсан аралығында Алматыда өтті. Оған Қытай, Үндістан, Ресей және т.б. шахматты дәстүрлі түрде дамытқан, спортшылары мықты елдердің атынан шыққан әлемнің үздік ойыншылары қатысты.

Динара Сәдуақасова әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер, халықаралық шебер. Қазақстан құрамасының мүшесі. Оның 14, 17, 18 және 20 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы, әйелдер арасында Азия чемпионы атағы бар. 2020 жылы спортшы әлемнің ең мықты 10 шахматшысының қатарына енді, ал 2021 жылы әлем чемпионатында үздік сегіздікке кіріп, ширек финалға шықты.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика