Домой Новости Казахстана ҚР Еңбекмині 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта медициналық әлеуметтік мекемелерге 460-тан астам...

ҚР Еңбекмині 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта медициналық әлеуметтік мекемелерге 460-тан астам тексеру жүргізді

1001
0

2021 жылдың І жартыжылдығы қорытындысы бойынша ҚР Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің  (бұдан әрі – Еңбек комитеті) аумақтық департаменттерінің мамандары медициналық-әлеуметтік мекемелерге (бұдан әрі – МӘМ) «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңдардың сақталуына 469 тексеру жүргізді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбекмині Еңбек комитеті төрағасының орынбасары Анархан Дүйсенова хабарлады.

«Жүргізілген бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша мүгедектерді әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы 379 ұйғарым, оның ішінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында 70 ұйғарым берілді. Нәтижесінде жалпы сомасы 7,4 млн теңгеге 71 әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында 335,4 мың теңге», — деді Анархан Дүйсенова.

Оның айтуынша, осы салаға тән бұзушылықтар: мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен уақтылы қамтамасыз етпеу, арнаулы әлеуметтік, медициналық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтердің кепілдік берілген көлемін толық немесе сапасыз көрсету, сондай-ақ тамақтану нормаларының сәйкес келмеуі және т. б. болып табылады.

«Мысалы, балалар орталықтарының қызметін кешенді тексеру қолданыстағы заңнама нормаларының барлық жоғарыда айтылған бұзушылықтарын, бұрын анықталған бұзушылықтарды жоюды бақылаудың әлсіздігін және уәкілетті атқарушы органдар тарапынан үйлестірудің жеткіліксіздігін анықтады», – деп мәлімдеді ЕӘҚКҚК төрағасының орынбасары.

Анархан Дүйсенова Еңбекмині МӘМ жұмысының алдын алу және мониторингін күшейту бойынша жүйелі шараларды әзірлеу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Осылайша, «Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларын бекіту туралы «ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2018 жылғы 29 тамыздағы № 379 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығы шеңберінде барлық медициналық-әлеуметтік мекемелерде бейнебақылау камераларын міндетті түрде орнатуды көздейтін түзетулер енгізілді.

Камералар ұйымға іргелес жатқан аумақтың периметрі бойынша, негізгі және қосалқы кіреберістердің жанында, сондай-ақ үй-жайлар мен жалпы пайдалану кабинеттерінде орнатылады. МӘМ-дегі туыстары мен жақын адамдарының жазбаларды көруге рұқсаты болады.

Сондай-ақ, құжат қажет болған жағдайда медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын барлық адамдардың интернетке қол жетімділігін қамтамасыз етуді реттейді.

Өз кезегінде ҚР Еңбекмині Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаментінің директоры Альбина Боранбайқызы МӘМ директорларын тағайындау кезінде оларға қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралғанын хабарлады.

«Өңірлерде білікті және мықты басшылардың кадрлық дағдарысы байқалады, бұл медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметіне тиісті бақылаудың болмауына әкеледі және қызмет алушыларға теріс әсер етеді. МӘМ директорларына қойылатын біліктілік талаптарын кеңейту азаматтармен жұмыс істеуде үлкен тәжірибесі бар қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың басшыларын тартуға мүмкіндік береді», — деді Альбина Боранбайқызы.

Бұл норманы Еңбекмині ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова және ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саинмен бірлесіп әзірледі.

Бұдан басқа, Әлеуметтік қызметтерді одан әрі жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарының жобасы келісу сатысында тұр, онда ірі қызмет көрсету орталықтарын деинституциялау, әлеуметтік қызмет көрсету мен оңалтудың көп бейінді шағын үйлеріне көшу жөніндегі қадамдық іс-шаралар көрсетіледі.

Сондай-ақ, Ұлттық жоспарда қызмет түрлері бойынша стандарттарды қалыптастыру, әлеуметтік қызметкердің мәртебесін және оның біліктілігін арттыру, әлеуметтік қызметтердің ребрендингін жүргізу, әлеуметтік қызметкерлердің тізілімін құру және т. б. нормалар көрініс тапқан.

Жоба Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің, Әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің, ЮНИСЕФ, ҮЕҰ шағын жұмыс топтарының мүшелерімен отандық және халықаралық сарапшыларды тарта отырып талқыланды.

Осы бастамалар шеңберінде көрсетілетін қызметтердің түрлері мен нысандарын кеңейте отырып, олардың атаулылығы мен сапасын күшейту, кәсіби кадр құрамын қалыптастыру, халықтың осал топтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралардың тиімділігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қамтитын әлеуметтік қызметтер жүйесін кезең-кезеңімен реформалау жүргізілуде.

«МӘМ қызметі әлеуметтік қорғау органдарының тұрақты бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады», – деп қорытындылады Анархан Дүйсенова.

Халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде 23 мыңнан астам адамды қамтитын стационарлық үлгідегі 113 МӘМ жұмыс істейтінін естеріңізге сала кетейік.

Если вы хотите поддержать Kokshetau.asia, то вы можете сделать перечисление на любую сумму