Махаббат – барлық шынайылықтың негізі

Махаббат – барлық шынайылықтың негізі

481 rob

Танымал қазақстандық композитор Балнұр Қыдырбектің музыкасына атақты режиссер Юрий Александровтың қойылымындағы «Қалқаман – Мамыр» ұлттық опера-балетінің ғаламат премьерасы асқақ өнер жанкүйерлеріне жаңа жылдық сыйлық болды. Қос ғашықтың хикаясы «Астана Опера» сахнасында вокалдық орындау мен классикалық би біріктірілген ерекше театрлық стильде қайта жанданды, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Қалқаман – Мамыр» либреттосын Кәукен Кенжетаев 2023 жылы 165 жылдығы атап өтілетін Шәкәрім Құдайбердіұлының поэмасы бойынша жазған.

Мәңгілік көрініс опера мен балеттің айрықша бірігуімен ғана емес, сондай-ақ маэстро Александров жеткізгісі келген терең философиялық ойымен де көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырды. Елордалық көпшілікке ірі отандық музыкалық спектакльдердің қоюшысы ретінде таныс режиссер қазақстандық авторлармен ұзақ жыл жұмыс істей келе, ұлттық мәдениетке едәуір терең бойлады. Дегенмен спектакльдің негізгі идеясы барлығына бірдей түсінікті: рухани құндылықтардың географиялық жағынан да, уақыт тұрғысынан да шегі жоқ, ал адам қашанда адам болып қалуы керек, және ең бастысы – халықтың бірлігін сақтау қажет. 

Әйгілі хикаяның жаңа оқылымының қоюшы дирижері атақты маэстро Абзал Мұхитдин болды. Ал бас хормейстер ретінде тер төккен Ержан Дәуітов жуырда өзінің шығармашылық қызметінің мерейлі белесін атап өтеді. Көпшілікке белгілі шеберлердің жетекшілігінде «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хорының мінсіз таза естілгені сөзсіз. 

Тәжірибелі режиссер үшін де, қойылымдық топ пен әртістер үшін де опера-балеттің дайындығына араласу мүлде жаңа тәжірибе болды. Сахнаға опера әншілерімен бірге басты балеттік партиялардың орындаушылары да шықты, олар Қалқаман мен Мамырдың жандарын сомдады. Иілгіш әрі ұлпадай жеңіл көрінген  кейіпкерлер көпшіліктің зор таңданысын туғызды. Қойылымның бұл бөлігіне танымал хореограф Надежда Калинина жауапты болды. Әртістердің алдында кездескен қиындықтарға қарамастан, ол тапсырманы тамаша орындады. Мәселен, оларға көлбеу подиумда билеуге тура келді. Алайда, хореографтың қызықты пластикалық шешімдерінің нәтижесінде балеттік бөлік  өте мінсіз шықты. 

Қойылымның көркемдік құраушы бөлігі көрермендердің зор қызығушылығын оятты. Декорация, бутафорлық заттар мен костюмдерді жуырда өнер саласындағы Umai тұңғыш ұлттық сыйлығының иегерлері атанған Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов әдеттегідей тамаша жасап шықты. Ал бейнепроекциялар бойынша суретші Павел Суворов сахнада бейнеленген шындықты заманауи технологиялардың көмегімен толықтырды. 

Ұлттық опера-балеттегі басты партияларды орындаушылар, атап айтсақ, Мамыр – Әсем Сембина мен Жаннат Бақтай, Қалқаман – Саян Исин мен Артур Габдиевке көпшілік ду қол шапалақ жаудырды. 

Расул Жармағамбетов пен Алтынбек Әбілда (Әнет баба), Талғат Аллабиринов пен Ерұлан Кәмел (Олжай), Евгений Чайников пен Шыңғыс Расылханның (Көкенай) өнер көрсетулері де жарқын әрі есте қаларлықтай болды. 

Мамырдың жаны мен Қалқаманның жаны рөлдерін орындаушылар – Әнел Рүстемова, Гүлназ Жанаева және Сұңғат Қыдырбай, Бекзат Орынбаев айрықша бағаға лайық. Олар әуеде құстай қалықтап, бақытсыз ғашықтардың сезімдері мен қиналысын бидің тілімен шебер жеткізе білді. 

Әдетте, мүмкін емес махаббат жайлы оқиға желісі қайғылы аяқталады. Айырылысқан жүректер қастық пен өшпенділіктің құрбандарына айналады. Алайда бұл жағдайда басты кейіпкерлердің өлімі айналасындағыларды құтқаратын амал болды. Безбүйрек қоғамның көзі ашылып, болып жатқан жайттарға басқаша қарайтын болды, демек, әлемнің жақсы жаққа қарай өзгеретініне және қураған ағаштың қайтадан гүлдейтініне үміт бар. 

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика