Мүгедектігі бар адамдарға қамсыз қарттық қажет

Қазақстан Халық партиясы жұмыс істейтін мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендетуді талап етті. Мәселе бұған дейін де күн тәртібіне қойылған болатын.

– Мүгедектігі бар қазақстандықтардың еңбек етуге құқығы бар және олардың кейбіреулері зейнет жасына жеткеннен кейін жұмысын жалғастырғысы келеді. Дегенмен мұндай адамдар аз. Зейнетке шығу қарсаңындағы мүгедектігі бар адамдарға жұмыс істеу денсаулығына байланысты физикалық қиындық туғызады, – деді Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков.

Бұрынғы Үкімет қазіргі зейнетақы жүйесіне сәйкес мүгедектігі бар адамдардың ынтымақты зейнетақы мөлшері мүгедектік бойынша ай сайын алатын жәрдемақыдан төмен болады деп жауап берді.

– Неліктен зейнетақы жүйесін мүгедектігі бар адамдар үшін ерекше жағдай жасау үшін өзгертпеске? Адамдар жүйе үшін емес, жүйе адамдар үшін емес пе? Мүгедектігі бар адамдар физикалық тұрғыдан анықталған теңсіздіктен зардап шегеді, ал зейнетке шығу жасындағы жасанды теңдік –  оларды қорлау және әділетсіздік, – деді депутат.

Шенеуніктердің зейнетке шыққанда мүгедектігі бар адамдары жәрдемақысынан автоматты түрде айыру туралы бастамасы түсініксіз.

Мемлекеттік органдар зейнетақы алған адам дертінен айығып, құлан таза жазылып кетеді деп ойлай ма, қалай?

Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қабылдануға тиіс шаралар мен шешімдер туралы сөз қозғалғанда Үкімет әдеттегідей: «Бұл – бюджетке қосымша ауыртпалық әкеледі» деп жауап береді.

Біздің елде мүгедектігі бар адамдар көп емес. Есеп комитетінің жыл сайын игерілмеген және тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының үлкен көлемін анықтайтынын ескерсек, онда мүгедектігі бар адамдар есебінен үнемдеу күлкілі.

Қазақстанда қабылданған және орындалуға тиіс халықаралық міндеттемелер бар. Атап айтқанда, ратификацияланған «Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенция».

Мүгедектігі бар адамдар үшін зейнет жасын төмендету әлеуметтік Кодекске енгізілуі тиіс.

– Мүгедектігі бар зейнеткерлер міндетті түрде зейнетақыны да, мүгедектігі бойынша жәрдемақыны да алуға тиіс. Үкімет мүгедектігі бар адамдар үшін зейнет жасын төмендетуі, салалық министрліктер мүгедек адамдардың зейнетке шығу жасын төмендетудің және айқындаудың нақты өлшемдерін, сондай-ақ мүгедек адамдардың мүддесіне сай келетін зейнетақымен қамсыздандыру тетігін әзірлеуі тиіс. Әзірленіп жатқан әлеуметтік Кодекске мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендету мәселесін енгізуді ұсынамыз, – деді Жамбыл Ахметбеков.

ҚХП баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика