Ұлттық жобаларға атүсті қарауға болмайды

Ұлттық жобалар кім үшін жазылады, нақты қандай нәтиже береді? Қазақстан Халық партиясының депутаттары осы сұраққа жауап іздеді.

Мәжіліс депутаты, ҚХП төрағасы Айқын Қоңыров атап өткендей, ұлттық жобалар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, бюрократиямен күреске және қолданыстағы жүйенің кемшілігін жоюға бағытталуға тиіс. Алайда шенеуніктердің өз ойы, өз қисыны бар. Салдарынан халық осыған дейін жиналып қалған проблемалардың шешімін емес, атқарылатын шаралардың тізімі мен сандардың жиынтығын ғана көреді. Себебі жобаларды іске асырудың тиімділігін ешкім бағаламайды.

Депутат құжаттарды қабылдау кезінде алдымен жобаның өзі мақұлданып, кейін салалық тұжырымдама жазылатынын сынға алды.

«Олар алдымен жоспар құрды, оның ішінде ақшаны қайда жұмсау қажеттігін нақтылады. Енді, нені, қалай, не үшін жасау керек деген мәселеге назар аударып жатыр. Біздің ойымызша, бұл –  әдіснамалық жаңсақтық. Осы тәсіл ақылға сыймайтындығымен қатар қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаның ережесіне қайшы келеді», – деді Айқын Қоңыров.

Оның сөзінше, қалыптасқан жағдайды мемлекеттік органдардың маңызды бағыттардың жұмысын тоқтатпау үшін қалайда қаржыландыруға қол жеткізу қажет деген ұстанымымен негіздеуге болады. Алайда мұны отандық бюрократияның салдары деп қабылдау қажет.

– Салалық тұжырымдамалар бұл жағдайда формальды құжатқа айналуы мүмкін екенін мойындау керек, – деді депутат.

Айқын Қоңыров «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасын мысалға келтірді.

– Экономика саласындағы жұмыс қазақстандықтардың экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беруге тиіс деп санаймыз. Жоспарлы құжаттарда орташа көрсеткіштер емес, түрлі салалар мен азаматтардың санаттары және жұмыспен қамту салалары бойынша кірістің қалай артатыны міндетті түрде көрсетілуге тиіс. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы мысалында азаматтардың табысы қалай өсіп, өмірі қалай жақсаратыны нақтылануы керек.

Атауында басымдық дұрыс берілген. Алайда нақты міндет деңгейінде қарайтын болсақ, онда барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын «2019 жылғы деңгейден нақты ақшалай кіріс көлемінде 27,1% -ға өсіру» туралы ғана міндет қойылған. Неліктен 27,1%? Неге 25% немесе 30% емес? Бұл өсімге қалай қол жеткізіледі? Іс барысында инфляция есепке алынды ма? Ақпарат жоқ. Ұлттық жобада айтылған 3 тұжырымдаманың (индустриялық-инновациялық дамудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының геология саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы) қазақстандықтардың әл-ауқатына ешқандай қатысы жоқ. Себебі олар индустриялық дамуға қатысты. Естеріңізге салайық, Ұлттық жобаның бюджеті 15,9 трлн теңгені құрайды, – деді Айқын Қоңыров.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы мемлекеттік жоспарлауға атүсті қарау халық ресурсы мен ұлт болашағына қауіп төндіреді деп санайды.

Ұлттық жобаларды жүзеге асыратын салалық тұжырымдамаларды әзірлеу барысында мемлекеттік бағдарламаларда кеткен қателерге жол бермеу аса маңызды.

Бұл құжаттарды сарапшылар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері терең талдаудан өткізуге тиіс. Құжатқа өзгеріс енгізу үшін талқылау ашық болуы керек.

ҚХП баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика