Конституция — адам құқығы мен бостандығының кепілі

1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің басты заңы, ол конституциялық құрылымды, азаматтардың құқығы мен бостандығын, мемлекеттік органдардың ұйымдастырылуы мен қызметін, сонымен қатар аумақтық құрылымды белгілейді.
Конституция — Қазақстанның егемендігі мен бірлігінің іргетасы, азаматтардың құқығы мен бостандығының кепілі, заңның биік тұғыры және халық бірлігінің кепілі.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – ең жоғары заңдық күші бар құқықтық акт ретінде – өз ережелерінде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық болып табылатынын баса көрсетеді. Осыған байланысты мемлекеттік билік органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және қоғамдық пікір институттарының бүкіл қызметі адам құқықтары институтын сақтау мен дамыту мақсаттарына жетуге бағытталған.
Қазақстан Республикасы — демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет, оның басты құндылығы адам, адамның өмірі және бостандығы.
Мемлекеттік билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық (3-бап), халық өз билігін референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, өзінің билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға тапсырады.
Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi. Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады (12-бап). Конституцияның осы бабына сәйкес Қазақстан Республикасында дүниеге келген әр адамның құқықтары мен бостандықтарына заңмен кепілдік беріледі, олар шексіз деп танылады. Әрбір адам өз құқығын Конституцияға, қолданыстағы заңдарға сәйкес қорғай алады. Ал адамның құқығы сотта қорғалады.
Әркiмнiң құқық субъектiсi ретiнде танылуына құқығы бар және өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын, қажеттi қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлдермен қорғауға хақылы. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар (13-бап).
Конституцияның 13-бабына сәйкес адамның құқықтары мен бостандықтарын сот жүйесінде қорғауының негізі қаланған, яғни адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау Конституцияға сәйкес жүзеге асырылады. Құқықтар мен бостандықты қорғау заң кепілдігі мен оларды қамтамасыз ету және оны жүзеге асыру жүйесі болып табылады. Сот арқылы қорғалу құқығы әрбір адамға кепілдік береді және бұл тұрғыда оны құқық субъектілерінің барлығы пайдалана алады.
Сот арқылы қорғалу құқығы бірнеше өкілеттіктерді қамтиды:
Әркімнің сотқа жүгіну құқығы. Бұл өкілеттіктің негізінде әділеттілікке қолжетімділік принципі жатыр, яғни адамның сотқа талап-арыз, өтініш немесе шағым беру мүмкіндігі нақты түрде болуы керек. Әділеттілікке қолжетімділік соттың аумақтық жақындығы, азаматтың қажетті құжаттарды жинау және мемлекеттік баж салығын төлеу мүмкіндігі сияқты факторлардан құралады;
Білікті заң көмегін алу құқығы (13-бап), ол заңда көзделген жағдайларда тегін көрсетіледі. Бұл құқық сот арқылы қорғалу құқығына қосымша (субсидиарлық) болып табылады, өйткені көптеген азаматтардың санаттары үшін мемлекет тарапынан мұндай көмек болмаған жағдайда, сот арқылы қорғану құқығын іске асырулары қиынға соғады;
Заңды сотта қаралу құқығы, яғни істің бейтарап және тәуелсіз, заң негізінде құрылған сотта қаралуы, істердің қаралу тәртібі мен соттылық қағидалары сақтала отырып, барлық адамдардың заң мен сот алдында теңдігі принципіне сәйкес жүзеге асырылуы;
Соттың істі заңда белгіленген мерзімдерде қарап, шешім қабылдау міндеті;
Егер сот қателігі орын алса, оны жою мақсатында сот актісіне жоғары тұрған сот инстанцияларына шағымдану құқығы;
Сот актісінің ақылға қонымды мерзімде орындалу құқығы, өйткені сот шешімінің орындалмауы сот арқылы қорғалу құқығын да жүзеге асырмайды;
Істі қарау құқығының немесе сот актісін орындау құқығының ақылға қонымды мерзімде бұзылғаны үшін өтемақы алу құқығы.
Адам мен азаматтың құқықтарын сотта қорғау процестік және материалдық құқықтар жиынтығын құрайтын құқықтық қорғаудың аса маңызды институты.
Осыған сәйкес, өз табиғатында сот билігі құқықтарды мемлекеттік қорғауда ерекше орын алады, сот билігі сотқа ұсынылған барлық дәлелдемелерді зерттеп, процеске қатысушылардың арыз-шағымдарын зерделеп, түпкілікті шешім шығарады, себебі заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең (14-бап).
Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады. Сот билiгi сотта iс жүргiзудiң азаматтық, қылмыстық және заңмен белгiленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот iсiн жүргiзу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады (75-бап).
Осыған сәйкес сот қорғауы әрбір адамға қол жетімді, сот арқылы өз құқықтарын қорғау қажеттілігі құқық жария биліктің араласуынсыз қорғала алмайтын және материалды құқықтық қатынас табиғи жолмен дами алмаған жағдайда пайда болады.
Сот арқылы қорғану қажеттілігінің факторлары мынадай: объективті – құқық туралы дау және субъективті – материалдық құқықтық қатынастың тараптары өз араларындағы құқықтары мен міндеттерін басқа тараптың араласуынсыз шешілмеуі.
Сот қорғауына берілген құқық барлық құқықтық салада кездеседі, конституциялық, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік, еңбек қатынастарында да пайда болған дау сотқа жүгінген жағдайда сот арқылы шешімін табады. Осы құқықтық саланың барлығы, өз юридикциясы шегінде, адам мен азаматтың құқықтары және бостандықтарын қорғауға міндетті. Адам мен азаматтың құқықтары мен міндеттерін сот арқылы қорғау Конституцияның бірнеше баптарында көзделген мемлекеттік қызмет болып табылады.
Сот қорғауының мазмұны – әділдіктің мақсатына жету кепілі, осыған сәйкес Заң адам және азаматтың конституциялық құқығына кепілдік береді.
Адам мен азаматтың құқықтары бұзылған жағдайда сотқа жүгінуі ерікті әрекет, себебі адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға кепілдік беру – Қазақстан Республикасында соттар жүйесінің құрылуынан, олардың азаматтар мен басқа да тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі құзыреттерінің нақты айқындалуынан, соттардың дербестігі мен тәуелсіздігіне кепілдік берілуінен, сот ісін жүргізу түрлері мен принциптерінің (конституциялық, азаматтық, әкімшілік, қылмыстық) белгіленуінен, әркімге өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін сотқа жүгіну мүмкіндігінің қамтамасыз етілуінен, сот шешімдеріне шағымдану мүмкіндігінен, сот қателіктерін түзету мүмкіндігінен және тағы да басқа жайттардан көрініс табады.
Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Сот төрелiгiн iске асыру жөніндегі соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi, және ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi (77-бап). Көрсетілген бап адам және азаматтың құқықтары мен бостандығы сот арқылы қорғалғанда ешбір қысымсыз жүзеге асырылатына кепілдік береді. Сотқа өз құқығын қорғауға жүгінген адам судьяның әділ шешім шығаратынынан үміт күтеді, сот шешімінің орындалуын қалайды. Сондықтан заң шығарушы сот шешімдері мен судьялардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезіндегі талаптарын барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға міндетті екенін нақтылаған. Сот шешімдері мен судья талаптарын орындамау заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
Адам мен азаматтың құқықтық мәртебесінің маңызды қағидаларының бірі – құқықтар, бостандықтар мен міндеттердің біртұтастығы мен ажырамас байланысы болып табылады. Әрбір адам Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға міндетті. Әрбір адам мен азамат қоғамда өмір сүреді. Адамдардың бір-біріне, қоғамға, мемлекетке қатысты тек тең құқықтары мен бостандықтары ғана емес, сонымен қатар тең міндеттері де бар. Әрбір адам өз құқығын қорғаудың жолын білсе, заң талаптарын сақтаса, қоғамдағы міндеттерін мүлтіксіз орындаса ғана әділетті қоғам құрылады. Ал әділетті қоғамда сот билігі де әділ болады.

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сатының судьясы К.Е. Исенова

Яндекс.Метрика