Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ ұйымдастыруымен Ақмола облысында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша ағымдағы жылдың басынан бастап әскери қызмет өткерген жастарды және әскери міндеттілерді жұмысқа орналастыруға бағытталған «Елге қызмет-абыройлы міндет» атты жоба іске асырылмақ. Жоба барысында, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы САҒАДАТ НҰРМАҒАМБЕТОВТЫҢ 100 жылдығына орайластырылып дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараның мақсаты — қолда бар дағдылар мен білімін ескере отырып, әскери қызмет өткерген жастардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, әскери міндеттілердің азаматтық қоғамға табысты интеграциялануын қамтамасыз ету, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін жаңа және жеке дағдыларды дамытуда оқыту және қолдау болып табылады.
Жоба әскери қызмет өткерген жастарды жұмысқа орналастыруға, отансүйгіштік, азаматтық борыш пен Отанға деген сүіспеншілік сезімін дамытуға септігін тигізеді.
Шараға Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы басшысы – А.А. Алин, басқарма басшысының орынбасары – С.М. Кенжебаев, «Ақмола облысы білім басқармасы» ММ өкілі, облыстың әскери қызмет өткерген, кәсіби салада табысты іске асырғысы келетін, сондай-ақ облысымыздың дамуына оң үлес қосуға дайын жастары қатысты. Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында облыстық ЖРО, әскери оқу орындары және әскери бөлім арасында алдағы уақытта ынтымақтастық жөнінде сөз қозғалды.
«Қазіргі уақытта жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін мектеп қабырғасынан бастаған жөн. Демек, алғашқы әскери дайындық сабақтарына көңіл бөлу керек деп санаймын. Әр ер азамат отанымды қорғаймын, елім үшін аянбай еңбек етемін деп санаса, елімізде әскерге баратын, елін қорғайтын азаматтар қатары көбейеді. Шыны керек, қазіргі кезде әскерге барамын деушілердің саны азаюда. Сол себептен баланы ең бірінші отбасында патриоттық сезімге тәрбиелеу керек, одан кейін мектеп қабырғасында санасына құйған абзал» — деп «ҚР ҚМ Әскери-техникалық мектебі» РМҚК Щучинск филиалының «Әскери-патриоттық тәрбие» бөлімінің тәрбиешісі – Құсайынов Жанатай Қожахметұлы өз сөзінде тоқталып кетті.
Іс-шара соңында Ішкі саясат басқармасы басшысы Алмас Аянұлы әскерге барғандарды, әскери міндеттілерді жұмысқа орналасуға атсалысуға, алдағы уақытта барлық қатысушыларды жас буынды әскери-патриоттық сезімін оятуға бағытталған шараларды өткізіп, бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Айта кету керек, аталмыш жоба жыл бойы жалғасын тауып, алдағы уақытта іске асыру мақсатында тиісті ұйымдармен меморандум жасалынып, қол қойылады.