Зиянды пестицидтерді қадағалау күшейеді

Зиянды пестицидтерді қадағалау күшейеді

Қазақстанда бизнес қаражаты есебінен пестицидтерді қадағалаудың бірыңғай жүйесін құру жоспарлануда, деп хабарлайды LS.

Сенатор Закиржан Құзиевтің айтуынша, елімізде жұмыс істеп жатқан көптеген қытайлық компаниялар жоғары өнімділікке химиялық құралдарды пайдалану арқылы қол жеткізуде.

«Алайда олардың нақты қандай пестицидтер пайдаланып отырғанын анықтау қиын, себебі бақылау тетігі әлсіз. Қолданыстағы көптеген препараттардың тіпті жапсырмасы жоқ. Кейбір мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, жылдам өсім мен мол өнім беретін мұндай пестицидтер қолданылған жерлерде кейін жүз жылға дейін тіпті шөп те шықпай қалып жатады. Сондықтан осы бағытқа қай мемлекеттік орган жауапты екенін нақты білгім келеді», – деді сенатор.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы пестицидтердің айналымына ҚР АШМ-ның мемлекеттік инспекция комитеті жауапты екенін айтты.

«Бұл мәселе – біздің тікелей құзыретіміз. Иә, мұндай жағдайлар кездеседі, бізге тиісті хабарламалар келіп түседі. Тыйым салынған пестицидтерді сатқандарға қатысты нақты қанша әкімшілік шара қолданылғаны жөнінде статистика әзірге жоқ. Бірақ әрбір түскен дабыл бойынша жергілікті жерлерде тексеру жүргіземіз. Өкінішке қарай, мұндай өнімдердің базарларда ашық сатылып жататын кездері бар, әсіресе бұл жағдай оңтүстік өңірлерде жиі байқалады», – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, негізгі проблемалық аймақ – Қырғызстан және Ресеймен шекара, себебі ол жерде кедендік бақылау жоқ.

«Бақылауды күшейту үшін инспекторларымыздың өкілеттіктерін арттыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ал Қытай, Өзбекстан және басқа да үшінші елдерден келетін тауарларға кедендік органдар тарапынан бақылау жүргізіледі», – деді Е. Кенжеханұлы.

Сонымен қатар ол Қазақстанда пестицидтерді қадағалау жүйесі жоқ екенін растады.

«Мұндай жүйе бізге өте қажет, сондықтан бұл бағыттағы жұмысты бастап қойдық. Арнайы бюджет қаржысы қарастырылмағандықтан, біз бұл іске бизнес өкілдерін тартуды жоспарлап отырмыз. Себебі пестицид өндірушілердің өзі нарықтың заңды болғанын және контрабанданың жолын кесуді қалайды. Сол себепті бизнес қаржыландыруын пайдалана отырып, осы жүйені әзірлеуді көздеп отырмыз», – деп түйіндеді вице-министр.

Бұған дейін, ТМД елдерінің шегірткеге қарсы күрес жөнінде келісім әзірлеп жатқаны хабарланған болатын.

Источник: lsm.kz

Яндекс.Метрика