Қыркүйектен бастап мобильді аударымдар жаңа талап бойынша тексеріледі

Қыркүйектен бастап мобильді аударымдар жаңа талап бойынша тексеріледі

Қыркүйек айынан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылауға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді, деп хабарлайды LS.

Мәжіліс кулуарында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа норма қашан күшіне енетінін айтты.

«Қазіргі таңда қолданыстағы талаптарға сәйкес мобильді аударымдар туралы мәліметтер алынып жатыр. Енді жаңа талап енгізілген бұйрық дайын тұр – оған сәйкес, соңғы үш айдағы аударым көлемі 1 млн теңгеден асқан жағдайда ғана тексеру жүргізіледі. Бұл құжат Салық кодексінің қабылдануына байланысты күшіне енеді. Бүгін Кодекс мақұлданды, енді бұйрық 60 күн ішінде күшіне еніп, қыркүйекте қолданысқа енгізіледі», – деді ол.

Сондай-ақ, ол туыстар арасында жасалатын аударымдар жөніндегі сұраққа тағы да түсініктеме берді.

«Мысалы, анасы қызына, әкесіне немесе бауырына ақша жіберсе – бұл үшін ешқандай сұрақ туындамайды, тіпті сома 1-2 млн теңге болса да. Тексеру жүргізілуі үшін барлық шарт қатар орындалуы тиіс: үш ай қатарынан 100 түрлі адамнан аударым түсуі қажет. Ал егер бірнеше адам бір-біріне үнемі ақша аударып отырса, бұл бақылауға жатпайды. Ай сайын ақша жіберетін 100 туысыңыз жоқ шығар», – деп түйіндеді ол.

Бұған дейін, Қазақстанда мобильді аударымдарға 1 млн теңгеден асатын шектеу енгізу жоспарланғаны хабарланған болатын.

Источник: lsm.kz

Яндекс.Метрика