Шығыс Қазақстан облысында ламинатталған ағаш жоңқа плиталар (ЛДСП) өндіретін зауыт салу жобасынан бас тартылды. Бұл шешімнің себептерін өнеркәсіп және құрылыс министрлігі LS-тің сұранысына жауап ретінде түсіндірді.
Аталған жобаны Германия, Ресей және Қазақстаннан келген инвесторлар жүзеге асыруы тиіс еді. Министрліктің мәліметінше, шикізат ресурстарын талдау нәтижесінде олар зауыт құрылысынан бас тартқан. 2021 жылдан бері инвесторлар жобаның экономикалық көрсеткіштерін есептеп, өндірістік техникалық процестер бойынша кеңескен. Атап айтқанда, ЛДСП зауытын жобалау, салу, жабдықтарды орнату және инфрақұрылымды пайдалану шығындары қарастырылған. Ведомство мәліметінше, орман ресурстарын талдау ерекше назарда болған.
Дегенмен, зерттеу нәтижелері жобаны таңдалған өңірде іске асыру мақсатқа сай емес екенін көрсетті.
«Басты себеп – орман алқаптарының қиын қолжетімді жерде, яғни таулы беткейлерде орналасуы. Бұл ағаш дайындау үдерісін айтарлықтай күрделендіріп, өндірістің өзіндік құнын арттырады», — делінген министрліктің жауабында.
Сонымен қатар, инвесторлар орман аймақтарында қажетті инфрақұрылымның, оның ішінде жолдар мен көпірлердің жоқтығын атап өтті. Олардың пікірінше, бұл фактор логистикаға теріс әсер етіп, құрылыс пен коммуникация шығындарын арттырады.
«Сондай-ақ, осы өңірдегі ағаш ресейлік баламалармен салыстырғанда айтарлықтай төмен сипаттамаларға ие. Атап айтқанда, ағаш діңінің көлемі үш есе аз, бұл қайта өңдеу шығындарын көбейтіп, өндірістің жалпы тиімділігін төмендетеді», — деп хабарлады министрлікте.
Бұдан бөлек, ресейлік өнімнің Еуропаға экспортталуының тоқтатылуы да шешімге әсер еткен. Инвесторлардың талдауына сәйкес, бұл ағаш жоңқалы плиталардың бағасының екі есе төмендеуіне әкелді.
«Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, инвесторлар Шығыс Қазақстан облысында зауыт салу жобасын қазіргі жағдайда экономикалық және техникалық тұрғыдан жүзеге асыру орынсыз деген біржақты шешімге келді», -делінген министрліктің жауабында.
Источник: lsm.kz