Шығыс Қазақстан облысында жаңа кен орындарын игеріп, ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Көшербаев айтты, деп хабарлайды LS.
Оның айтуынша, басым бағыт полиметалл кен орындарын игеру болып табылады. 2030 жылға қарай Малеевское және Риддер-Сокольное сияқты ірі кен орындары игеріледі деп күтілуде. Жаңа Лениногор, Долинное, Чекмар жаңа кен орындарын іске қосу 2035-2040 жылдарға дейін басталмақ.
Көшербаев Күршім ауданы Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасын салу жөніндегі резонанстық жобаға да жеке тоқталды.
«Жағдай сыртқы күштердің араласуымен шиеленісіп, халық арасында қызу талқыға түсті. Бұл мәселе орталық мемлекеттік органдардың бақылауында. Өткен айда экология және табиғи ресурстар, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлері аудан тұрғындарымен кездесті, онда зауыт құрылысын тоқтатуға заңды негіз жоқ екендігі түсіндірілді. Жоба заң аясында жүзеге асырылады», — деп түсіндірді өңір басшысы.
Ол әкімдік өз тарапынан инвестордың экологиялық нормаларды, жергілікті халықтың мүдделерін қатаң сақтауын қадағалайтынын атап өтті.
Сондай-ақ, Көшербаев басқа ауданда керісінше жағдай қалыптасқанын айтты. Мәселен, Глубокое ауданының Белоусовка ауылында тұрғындар кен орнының жабылуына қарсы. Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар жаңа инвестордың келуіне және осы объектінің жұмыс істеуіне мүдделі.
Жалпы, өңірде инвестиция көлемі 1,1 трлн теңгені құрайтын 42 жоба іске асырылуда. Биыл сегіз өндіріс іске қосылмақ. Мысалы, олардың арасында Өскемен құс фабрикасында бройлер өндірісі, сондай-ақ, май экстракция зауытының құрылысы бар.
Облыс әкімі өңірде жылына 4 мың тонна сұйық лецитин өндіру үшін күнбағыс тұқымын терең өңдеуді енгізуді жоспарлап отырғанын айтты.
«2025 жылдан бастап құрғақ ұнтақты лецитин шығару жоспарлануда, бұл майды тазартудың рентабельділігін айтарлықтай арттырады», — деді Көшербаев.
Сонымен қатар, ол өңірде дәнді, майлы және жемшөп дақылдарының негізгі сорттарын, күнбағыс пен соя будандарын өндіруді жолға қоюға ниетті екенін жеткізді. Жалпы агроөнеркәсіптік кешенде 236,4 млрд теңгеге 37 жоба іске асырылуда. Бұдан басқа, өңірде «Алтай» көтерме-тарату орталығы салынып бітуі тиіс.
Источник: lsm.kz