Енді құрылыс компаниялары жаңа ережелер бойынша жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды LS.
Сенатор Сүйіндік Алдашевтің сөзінше, кейбір құрылыс компаниялары азаматтық-құқықтық келісімдерге сүйене отырып, азаматтармен брондау, инвестициялау сынды шарттар жасасады. Алайда мұндай құжаттар құрылыс мерзімінің кешігуі немесе сапасыз орындалуы жағдайында азаматтардың құқықтарын жеткілікті деңгейде қорғай алмайды. Нәтижесінде, үлескерлер қаржылай шығынға ұшырап жатады.
«Құрылыс компанияларына қатысты бірқатар қатаңдатылған шаралар ұсынылып отыр. Олардың ішінде – салынып жатқан тұрғын және тұрғын емес нысандарға қатысты алдын ала келісімшарттар жасауға тыйым салу. Сондай-ақ, үлескерлердің қаражатын тартуға бағытталған жарнамаға және салынып жатқан үйлерден пәтер сатып алуға берілетін ипотекалық несиелерге тыйым енгізу жоспарлануда. Бұдан бөлек, мұндай пәтерлерді сатып алу-сату мәмілелері тек қолма-қол ақшасыз түрде жүзеге асырылуы тиіс», – деді ол.
Құжатта тұрғын үй құрылысын ұзарту мерзімін тоғыз айдан бес айға дейін қысқарту көзделген. Сонымен қатар, әкімдіктерге азаматтардың қаражатының заңды тартылуын бақылауға алу құқығы беріледі.
«Қазақстанда кейбір адал емес құрылыс компаниялары «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңды айналып өтіп, халықтың қаражатын заңсыз тартуға жол беріп отыр. Мұндай жағдайлар сотқа жеткен кезде, көбінесе сатып алушылар жеңіліп қалады. Осыған байланысты құрылыс саласындағы ашықтықты арттыру, мәмілелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, үлескерлердің қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану, әлеуметтік кернеуді төмендету және мемлекеттік бюджетке түсетін ауыртпалықты азайту үшін нақты шаралар қабылдау қажет болды», – деп түсіндірді С. Алдашев.
Алайда құрылыс компанияларына тек шектеулер ғана емес, ынталандырушы бірқатар нормалар да ұсынылып отыр. Мысалы, тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін және жобаға банк қатысқан жағдайда бірыңғай оператордың кепілдігімен үлестік құрылысқа қойылатын талаптар жеңілдетіледі.
«Үлестік құрылыс туралы заң енді жеке тұрғын үйлерге де қолданылатын болады. Бұл азаматтарға мұндай үйлерді ипотекамен сатып алу мүмкіндігін берсе, құрылыс компаниялары үшін оларды салуға қаржы тартуға жол ашады. Сонымен бірге, құрылысшыларға қойылатын қаржылық талаптар жеңілдеп, бұрынғы 15%-дың орнына 10% жеткілікті болады. Сондай-ақ, үйдің қаңқасы толық тұрғызылғанын күтпей-ақ, әкімдіктің рұқсатымен үлескерлердің қаражатын пайдалануға мүмкіндік беріледі. Қосымша валюта және депозиттік шоттар ашуға да рұқсат беріледі», – деп депутат «жеңілдіктерді»тізіп шықты.
Бұдан бөлек, қазақстандықтарға кеңес беру үшін үлескерлерді қолдау орталығын құру жоспарлануда.
Нәтижесінде сенат екі оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автожолдар және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау қызметтерін көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады. Құжат президенттің қол қоюына жіберілді.
Бұған дейін, Қазақстанда банктерге үлестік қатысу шарттарының тіркелгенін тексеру міндетін жүктеу жоспарланып жатқаны хабарланған еді.
Источник: lsm.kz