Рубль теңгеге қарағанда басымдығын сақтап отыр – сарапшы

Рубль теңгеге қарағанда басымдығын сақтап отыр – сарапшы

Жыл басынан бері ресейлік рубль теңгеге қатысты 2,7%-ға нығайды, деп хабарлайды LS.

«Бұл теңгенің жыл басынан бері доллармен салыстырғанда небәрі 0,67%-ға ғана нығаюымен және рубльдің осы кезеңде АҚШ валютасына қатысты 2,83%-ға күшеюімен түсіндіріледі. Соның нәтижесінде RUB/KZT жұбының бағамы аздап өсті», – деп «Финам» компаниясының сарапшысы Александр Потавин атап өтті.

Сарапшының сөзінше, рубль бағамының нығаюына Ресей Орталық банкінің саясаты ықпал еткен. Қазіргі таңда регулятор 5 ақпанға дейін бюджеттік ереже шеңберінде күн сайын шетел валютасын сатып отыр. Сонымен қатар бұл операциялардың тәуліктік көлемі 17,4 млрд рубльге жетіп, өткен айдағы 10,2 млрд рубльмен салыстырғанда шамамен 70%-ға артты.

«Реттеуші органның белсенді қолдауы рубль бағамын нығайтатын негізгі факторлардың бірі болып отыр. Сонымен қатар Украинаға қатысты келіссөздерден оң нәтиже күтілуі инвесторларды валютаны жаппай сатып алудан сақтандырып отыр. Ал ҚҚС-тың 22%-ға дейін өсуінен кейін инфляцияның жоғарылауы Орталық банктің қатаң ақша-несие саясатын ұзақ уақыт ұстанатынын көрсетеді, бұл рубль активтерінің тартымдылығын арттырады», – дейді сарапшы.

Алғашқы тоқсанда рубль бағамында елеулі өзгерістер болмайды деп күтілуде. А. Потавиннің айтуынша, соңғы айда мұнай бағасының біршама қалпына келуі теңге бағамына да оң әсер етеді.

«Сондықтан алдағы бірнеше айда RUB/KZT валюта жұбының саудасы дәстүрлі 6,35-6,7 аралығында қалыптасуы мүмкін», – деп есептейді ол.

Ресей мен Қазақстан үшін мұнай мен газ негізгі экспорттық ресурс болып қала береді. Осы сектордағы баға динамикасы екі валютаның қозғалысын айқындайды. Ал Ресей экспорты басым тауарлар қымбаттаған жағдайда рубльдің позициясы күшеюі ықтимал. Бұдан бөлек, орта мерзімді кезеңде валюталардың бағытына екі елдің орталық банктері ұстанатын пайыздық саясат әсер етеді.

Сарапшының айтуынша, егер Ресей Орталық банкі негізгі мөлшерлемені Қазақстан Ұлттық банкінен жоғары деңгейде сақтаса, бұл спекулятивті капитал үшін рубльдік активтердің тартымдылығын арттырады. Соның нәтижесінде рубль теңгеге қатысты басымдығын сақтауы ықтимал.

«Ресей бірнеше жылдан бері елден капитал шығуына шектеу қойып келеді. Бұл шетел валютасына сұранысты азайтып, рубльдің бағамын тұрақты ұстап тұр. Ал ЕАЭО елдері арасында есеп айырысуды ұлттық валютамен (RUB және KZT) жүргізу, егер сауда Ресей пайдасына болса, қазақстандық импорттаушылардың рубльге сұранысын арттыруы мүмкін», – деді ол.

Сонымен қатар сарапшы Ресейдегі инфляцияның жоғары деңгейі, бюджет тапшылығы, мемлекеттік шығыстардың артуы және соған байланысты ақша эмиссиясына деген қажеттілік рубльге ұзақ мерзімді қысым көрсететінін айтты.

«Ресейге қарсы қатаң сыртқы санкциялар ел экономикасына ұзақ мерзімді инвестициялардың келуін тежеп отыр. Нәтижесінде экономикалық өсім баяулап, бұл рубльдің орта мерзімді перспективасына теріс әсер етеді», – деп түйіндеді А. Потавин.

Бұған дейін, LS редакциясы соңғы бес жыл ішінде қазақстандықтардың доллар мен юаньға деген сұранысы айтарлықтай артқанын, ал еуро мен рубльге қызығушылық төмендегенін хабарлаған еді.

Источник: lsm.kz

Яндекс.Метрика