БЖЗҚ-дан мерзімінен бұрын қаражат алуды толық тоқтату ұсынылды

БЖЗҚ-дан мерзімінен бұрын қаражат алуды толық тоқтату ұсынылды

БЖЗҚ-дан мерзімінен бұрын қаражат алуды толық тоқтату қажет. Бұл туралы экономист Айдархан Құсайынов LS тілшісіне берген сұхбатында айтты.

«Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға рұқсат беру – таза популизм. Бұл шешім іс жүзінде көптеген мәселеге кері әсерін тигізді. Мұндай қадам қате әрі зиянды болды. Азаматтардың зейнетақы қорындағы жинағы сақталуы тиіс», – деді экономист.

Оның айтуынша, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу тұрғын үй нарығына да кері әсер еткен.

«Соның салдарынан үй бағасы қатты өсіп кетті. Негізі, зейнетақы жинағын пайдаланған адам саны да көп болған жоқ, бөлінген ақша көлемі де нарықпен салыстырғанда аса үлкен емес еді. Бірақ соның өзінде баспана бағасы шарықтап кетті. Тіпті ақшасын алған адамдардың өзі де ұтқан жоқ, өйткені пәтерді қымбат бағаға алуға тура келді. Жалпы, бұл шешім экономикаға да, халыққа да айтарлықтай пайда әкелмеді», – деді ол.

Сарапшы мұндай шешімнің салдары болашақта зейнеткерлерге де кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

«Қалыпты әрі тұрақты жүйеге қайта оралу керек. Себебі ертең адамдардың зейнетақысы аз болуы мүмкін. Бүгін жинақтағы артық ақшасын алып, үй алғандар кейін зейнетақының төмен екеніне шағымдануы ықтимал», – деп түйіндеді А. Құсайынов.

Бұған дейін, экономист Мұрат Темірханов та БЖЗҚ-дан мерзімінен бұрын қаражат алу жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтқан болатын. Кейін Қазақстанда зейнетақы жинағын пайдалану шектерін қайта қарау жоспарланып жатқаны белгілі болды.

Ал Асқарбек Ертаев соңғы бес жылда қазақстандықтар зейнетақы жинағынан 5 трлн теңгеден астам қаражат алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл соманың шамамен 1 трлн теңгесін 20-30 жас аралығындағы жастар пайдаланған.

Источник: lsm.kz

Яндекс.Метрика