Қазақстанда зейнетақы ақшасын басқарудағы өзгерістер қайта талқылануда, деп хабарлайды LS.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова аталған нарыққа жаңа ойыншыларды тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
«Біз әзірлеген ұсыныстар: бұл зейнетақы активтерін басқару бойынша жеке басқарушы компанияларды жіберу критерийлерін кеңейту, оның ішінде кредиттік рейтингі жоғары еншілес шетелдік ұйымдарды тарту мүмкіндігін қарастыру. Біз Ұлттық банк ретінде Ұлттық қордың активтерін басқара отырып, шетелде орналасқан жеке компанияларды тартамыз. Яғни, салымшыларымыз үшін де осындай мүмкіндікті қарастыруды ұсынамыз», — деді ол.
Бұдан басқа, жинақтаушы зейнетақы қоры (ЖЗҚ) салымшыларына өздерінің зейнетақы жинақтары сомасының 50%-на дейін жеке басқаруға беру құқығын беру ұсынылады.
«Естеріңізге салсам, қазір мұндай мүмкіндікті тек жеткіліктілік шегі бар адамдар ғана пайдалана алады. Сондай-ақ, БЖЗҚ салымшылары жеке басқаруға берген зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге ақы төлеуге пайдаланғысы келсе, ең төменгі жеткіліктілік шегінің есебіне қосу ұсынылады», — деп жалғастырды Молдабекова.
Тағы бір ұсыныс – БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін қайта қарау арқылы жеке басқарушы компаниялардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту.
«Сондай-ақ, кірістілікті қамтамасыз ету бойынша оларға қойылатын талаптарды жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау қажет. Бұл ұсыныстардың барлығын сарапшылар қауымдастығы талқылап, Президент Әкімшілігі қолдады», — деп түйіндеді Ұлттық банк өкілі.
LS тілшісі зейнетақы шоттарында ең көп ақша жинаған қазақстандықтар туралы білген болатын.
Бұған дейін, LS редакциясы Ұлттық банк «Бәйтерек» холдингінің облигацияларына 500 млрд теңгеге дейін зейнетақы активтерін орналастыруды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Сондай-ақ, Қазақстанда 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруға уәде берілген еді.
Источник: lsm.kz