
Қазақстан ет экспортын күрт арттырды, деп хабарлайды LS.
2025 жылы елде 442 мың тонна ет өндірілді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда аса үлкен өзгеріс емес, өндіріс көлемі шамалы ғана өскен.
Ал экспортта жағдай басқаша: шетелге сатылған ет көлемі бірден 25,7%-ға артқан. Жалпы 104,7 мың тонна ет сыртқа шығарылып, одан $143,7 млн табыс түскен.
Ірі қара мал (сиыр) етінің экспорты 45%-ға өсіп, 32,3 мың тоннаға жетті. Одан түскен кіріс – $127,4 млн.
Сиыр етінің негізгі бөлігі Өзбекстанға жөнелтілді – 29,1 мың тонна (+39,9%). Сондай-ақ, Тәжікстанға – 2,7 мың тонна (+4,4 есе), Қырғызстанға – 371,1 тонна (-12,4%), Қытайға – 55,1 тонна (-9,4%) және БАӘ-не – 37,7 тонна (-3,8%) экспортталды.
Қой және ешкі еті экспорты 1,9 есеге өсіп, 34,5 мың тоннаны құрады. Түскен табыс – $81,1 млн. Бұл бағытта да негізгі нарық – Өзбекстан (31,5 мың тонна, +2,2 есе).
Тәжікстан 1,3 мың тонна қой етін сатып алды (+26,7 есе), БАӘ – 785 тонна (-1,6 есе), Катар – 363 тонна (-26,6%), Қырғызстан – 282,8 тонна (+2,8 есе). Сондай-ақ, Иран, Кувейт және Иордания елдеріне де экспорт жүзеге асырылды.
Сонымен қатар Қазақстан шошқа етінің экспортын да күрт арттырды – 1,8 мың тонна ($3,6 млн). Негізгі көлем Ресейге, Грузияға және Арменияға жіберілді.
Ал құс еті экспорты керісінше 24,6%-ға қысқарып, 31,9 мың тоннаны ($52,6 млн) құрады. Ресейге – 16,7 мың тонна (-1,5 есе), Қырғызстанға – 12,5 мың тонна (-0,6%), Өзбекстанға – 1,9 мың тонна (+12,4%) жөнелтілді.
Тауық, күркетауық және үйрек етінің аздаған көлемі Тәжікстан, Әзербайжан және Гонконгқа да экспортталған.
Бұған дейін Мал өсірушілер одағының төрағасы Даурен Салықов LS тілшісіне берген сұхбатында Қазақстаннан ет өнімдері «картоп» деп рәсімделіп, контрабандалық жолмен шетелге шығарылып жатқанын айтқан еді.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Источник: lsm.kz





