Премьер-министр Әлихан Смайылов құрғақшылыққа қарамастан, жиналған өнім нарық қажеттіліктерін жабу үшін жеткілікті болатынын айтты, деп хабарлайды LS.
«Жиналған өнім жеткілікті. Қазақстандықтар нансыз қалмайды. Осы ретте климаттық өзгерістер, су тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін елеулі сын-тегеурінге айналып отырғанын атап өткен жөн. Сондықтан су ресурстарын ұтымды пайдалануды күшейту жөніндегі жол картасын әзірлеу қажет. Өңірлерге су үнемдеу технологияларын белсенді енгізу керек. Сондай-ақ, қазіргі жағдайда жем дайындауға ерекше назар аударылуы тиіс», – деді ол.
Смайылов 140 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие беру және 81 млрд теңгеге жаңа астық өнімін форвардтық сатып алу қарастырылғанын еске салды.
«Ағымдағы жылы «ҚазАгроҚаржы» компаниясының жарғылық капиталын ұлғайтуға жем-шөп дайындау техникасы мен суарудың ұтқыр жүйелерін сатып алуды қаржыландыру үшін 20 млрд теңге бөлінді. Өздеріңіз білетіндей, жаз құрғақ болды, нәтижесінде бірқатар аймақтар зардап шегіп, өнім аз жиналмақ. Құрғақшылықтың салдарын жою үшін жедел шаралар қабылданды. Оның ішінде үкімет резервінен қаражат бөлінеді. «Бәйтерек» холдингі құрғақшылықтан зардап шеккен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелері бойынша қарыздарды ұзарту және қайта құрылымдау мәселесін пысықтауы қажет», – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, қазіргі жағдайда жем дайындауға ерекше назар аударылуы қажет.
«Бүгінгі таңда Қостанай, Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан (92,9%), Алматы облыстарында жемшөп дайындаудың жақсы қарқыны бар. Ал Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында қарқын төмен. Бұл өңірлер жұмыств барынша жандандырып, азық бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуі тиіс», – деп ескертті Смайылов.
Премьер-министр жауапты ведомстволарға егін жинау науқанын уақытылы жүргізуді тапсырды.
«Облыс әкімдіктері тұрақты бағаны сақтай отырып, қысқы кезеңге жем-шөп қорын сапалы дайындау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдасын. Энергетика министрлігі егін жинау кезеңінде жанар-жағармаймен уақытылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстасын», – деп түйіндеді үкімет басшысы.
Бұған дейін, Қазақстанда астық өнімінің тек 45%-нан астамы қанағаттанарлық жағдайда екендігі хабарланған болатын.
Источник: lsm.kz