Биыл қазақстандық ауылдарда 1,5 мың жоба іске асырылатын болады. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
Оның айтуынша, 736 ауылдық елді мекенде 143 млрд теңгеге 1,5 мың жобаны iске асыру жоспарланған. Оның 102 млрд теңгесі жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына берілді.
Қуантыровтың сөзiнше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 119, әлеуметтік инфрақұрылымда 275, оның ішінде білім беру саласында 91, денсаулық сақтау саласында 45, мәдениет және спорт саласында 139 жобаны іске асырылмақ. Сондай-ақ, ауыл iшi жолдардың жағдайын жақсартуға мыңнан астам жобаны орындауға мүмкіндік бар.
«Облыс әкімдіктерімен бірлесіп құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап ететін жобалардың тізбесі қалыптастырылды. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде тиісті бюджеттік өтінім жіберілетін болады. Сонымен қатар, жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарына ерекше назар аудару ұсынылады», — деді ол.
Министр сондай-ақ, 2022 жылы 577 ауылдық елді мекенде жүзеге асырылған мыңнан астам жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінгенін тiлге тиек етті.
«Алайда, 1 қаңтарға облыс әкімдіктері бюджет қаражатының тек 94%-ын игерді. Қаражаттың ең көбі Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында игерілді. Бұл ретте қаражаттың аз игерілуі Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады», — деді ол.
Қуантыров ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленгенін айтты. Ол халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және оған жайлы өмір сүру арқылы ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Бұған дейін, қазақстандық ауылдардың жандануына триллион теңге бөлінгені туралы хабарланған болатын.
Источник: lsm.kz