Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сирек жер металдарын «Жаңа мұнай» деп атап, оларды игерумен айналысуды тапсырды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі LS-ке осы бағытта қандай жұмыс жүргізілетінін айтты.
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік теңгерімде бериллий, висмут, вольфрам, галий, гафний, германий, индий, кадмий, литий, ниобий, селен, скандий, таллий, тантал, теллур, цирконий, осмий, рений, ванадий, лантан және церий-иттри тобы ескерілген.
«Жаңа мұнайды» іздеу жұмыстары 2022 жылдан бастап 12 перспективалы учаскеде жүргізілуде.
Индустрия министрлігі бүгінгі таңда литий сирек және жерде сирек кездесетін металдардың бірі екенін атап өтті. Бұл пайдалы қазбалар алты кен орнында шоғырланған – Юбилейное, Верхне-Баймурзинское, Бакенное, Ахметкино, Медведка, Ахмировское.
Министрлікте екі қазақстандық компания неміс компаниясымен бірлесіп Шығыс Қазақстандағы литий кен орындарын игерумен айналысып жатқаны туралы хабарлады. Жалпы сомасы $600 млн. Геологиялық барлау жұмыстары басталып кетті.
«Шикізат өндіру мәселесі геологиялық барлау жұмыстары мен қорларды бекіту нәтижелері бойынша қаралатын болады. Бастапқы өнім ретінде карбонат пен литий оксиді концентраты өндірілуі мүмкін», — деп хабарлады министрлікте.
Өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, сирек және жерде сирек кездесетін металдар бірқатар дамыған елдер үшін маңызды шикізат болып табылады. Оларға деген сұраныс үнемі артып келеді.
Осы орайда Қазақстан Еуроодақпен және Ұлыбританиямен сыни шикізатты, жинақтаушы аккумуляторларды өндіру мен өткізуді, жер қойнауын геологиялық іздестіруді, инвестициялар мен зерттеулерді дамытуды қолдауға бағытталған сыни шикізатты жеткізу саласында әріптестік орнатты. Осыған байланысты тараптардың атқарушы органдары мен бизнес-қоғамдастық арасында тұрақты негізде келіссөздер жүргізіледі. Сондай-ақ, инвесторлар, өндірушілер мен жер қойнауын пайдаланушылар жиналатын ауқымды іс-шаралар өткізіледі.
Источник: lsm.kz