Қазақстанда Қытаймен шекарада тағы бір өткізу пункті ашылып, теміржол желісі салынады. Бұл туралы LS-ке индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде айтылды.
Министрліктің мәліметінше, ашылуы жоспарланған үшінші теміржол пунктіне Бақты – Аягөз жаңа желісі тартылатын болады. Жобаны 2024-2025 жылдары іске асыру жоспарлануда. Осыдан кейін теміржол желісі қолданыстағы Семей – Ақтоғай учаскесіне және Қытай – Еуропа – Қытай транзиттік дәлізіне қосылады.
«Бұл шара ҚХР-мен арадағы инфрақұрылымдық қуатты жылына 20 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді ИИДМ-де.
Сонымен қатар, Абай облысының жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының ақпараты бойынша, ұзындығы 270 км Бақты – Аягөз теміржолын салудың бағалау құны 321 млрд теңгені құрайды. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі және мемлекеттік сараптама қорытындысын алу 2023 жылдың шілде айының соңына жоспарланған.
2030 жылға дейінгі осы теміржол желісі бойынша жүктерді тасымалдау көлемінің маркетингтік болжамына сәйкес, жыл сайынғы өткізу қабілеті 7,8 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде Беларусь жүктерінің көлемі – 3 млн тонна, ресейлік – 2,7 млн тонна, қазақстандық – 2,1 млн тонна.
Бұған дейін, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев аталған теміржол желісі Солтүстік – Оңтүстік дәлізіне қосылатынын айтқан болатын. Бұл ретте өткізу пунктінің айналасында құрғақ порт, логистикалық парк құрылмақ.
Источник: lsm.kz