Қазақстанға суперкомпьютер жеткізу үшін АҚШ-тан рұқсат алу процесі бір жылға созылды. Бұл туралы цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді деп хабарлайды LS.
Биыл мамырда Қазақстанға аймақтағы ең ірі суперкомпьютерлік кластер жеткізілді.
Министрдің сөзінше, бұл қадам – елдің технологиялық дербестігін нығайтып, ұлттық деңгейде жасанды интеллект инфрақұрылымын қалыптастыру жолындағы маңызды бастама. Алайда суперкомпьютерді АҚШ-тан алу оңай болмаған. Бір жылға созылған келіссөздер барысында Қазақстан оның тек бейбіт және жасанды интеллектіні дамыту мақсатында қолданылатынын дәлелдеп, қажетті рұқсатқа қол жеткізген.
«Қазіргі уақытта суперкомпьютерді іске қосу үшін қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ол Астанадағы Цифрлық даму министрлігінің деректерді өңдеу орталығында орналастырылмақ. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан бір жыл бойы АҚШ үкіметімен келіссөздер жүргізді. Негізгі мақсатымыз – бұл технологияның елімізде жасанды интеллектіні дамытуға қызмет ететінін дәлелдеу болды. Біз жабдықты әскери немесе үшінші елдерге сату үшін емес, өзіміздің ұлттық технологиялық әлеуетімізді арттыру үшін алып отырғанымызды нақты көрсеттік. Қазақстан – Орталық Азиядағы цифрлық көшбасшы, сондықтан біз бұл салада артта қалмай, ИИ бағытында қарқынды дамуды көздейміз», — деді министр.
Министрдің айтуынша, елге жеткізілгеннен кейін бұл суперкомпьютерге жеке секторды қоса алғанда, өзге нарық ойыншыларына да қолжетімділік ашылады.
«Бүгінде отандық компаниялар елге жоғары өнімді есептеу техникасын жеткізуді бастап кетті. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанға шамамен 10 EFLOPS көлемінде есептеу қуаты қажет. Қазіргі бар суперкомпьютеріміздің қуаты шамамен 2 EFLOPS-ты құрайды. Дегенмен, жеке сектормен ынтымақтастық арқылы экономикамызды қажетті есептеу ресурстарымен толық қамти аламыз деп ойлаймыз. Сонымен қатар, үкімет бұл жабдықтарды елге әкелуді жеңілдету үшін оларды кедендік баж салығы мен қосылған құн салығынан босату тетіктерін әзірледі», — деді Ж. Мәдиев.
Министр сондай-ақ, Қазақстан АҚШ-та (Кремний алқабында және Техаста) суперкомпьютерлік кластерлер іске қосқанын айтты. Аталған қуаттарда ірі тілдік модельдерді қоса алғанда, түрлі өнімдер оқытылып жатыр.
Бұған дейін, министр LS редакциясына берген сұхбатында Қазақстандағы суперкомпьютер 2024 жылдың соңына дейін іске қосылуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.
*EFLOPS – суперкомпьютерлер мен өзге де жоғары өнімді есептеу жүйелерінің қуатын өлшейтін бірлік.
Источник: lsm.kz