Домой Новости Казахстана Экономика Қарапайым экономика: Қазақстанның төлем балансы

Қарапайым экономика: Қазақстанның төлем балансы

29
0

Қарапайым экономика: Қазақстанның төлем балансы

Сіздер арагідік жаңалық оқитын болсаңыздар, төлем балансы, сауда балансы деген сөздерді көзіңіз шалған шығар. Жәй экономикалық термин болып көрінгенімен, оның біздің өмірімізде ойнайтын рөлі бар. Мысалы, ол теңге бағамына тікелей әсер етеді. Сондықтан осы ұғымдарды біліп жүргеніміз абзал.

Төлем балансы – бір ауыз сөзбен айтқанда, Қазақстан мен басқа елдер арасындағы экономикалық операциялар, яғни ақша ағынының көрсеткіші. Біз басқа елге қанша ақша жібердік, ал басқа елден бізге қанша келді. Осының барлығы белгілі бір уақыт аралығына есептеледі. Мысалы, айлық баланс, тоқсандық баланс, жылдық баланс деп бөлінген. Осы балансты есептеудің халықаралық әдісі бар. Оны Халықаралық Валюта Қоры бекітіп, жаңалап отырады. Төлем балансының операцияларын мамандар бекітілген әдіс бойынша үш топқа бөліп қарастырады. Олар: ағымдағы шот, капиталмен операциялар шоты және қаржылық шот.

Ағымдағы шот біздің елдің компаниялары, жеке тұлғалары мен шетелдік компания, не жеке тұлғалар арасындағы тауарлар, қызметтер, бизнестен келген кірістер ағындарын көрсетеді. Яғни, егер сіз инстаграмдан, немесе Алиэкспресстен шетелден тауарға тапсырыс берсеңіз, олар осы ағымдағы шот статистикасына енеді.

Капиталмен операциялар шотына ірі бизнестің операциялары, инвестициялар, дивидендтер, яғни өндірістік емес қаржылық активтермен жасалған операциялар кіреді.

Қаржы шоты қаржылық активтерді таза сатып алу мен отандық компаниялар мен шетелдік компаниялар арасындағы қарыздың мөлшерін көрсетеді.

Баланс теңгеге қалай әсер етеді?

Төлем балансының ішінде сауда балансы да кіреді. Сауда балансы – Қазақстанның сыртқа шығарып сатқан тауарларының құны мен еліміз сырттан сатып алған тауарлар құны арасындағы көрсеткіш. Егер біздің экспорттан тапқан ақшамыз импорттан тапқан ақшадан артық болса, онда сауда балансы біз үшін жағымды болады. Мысалы, 2022 жылы біз $36,3 млрд жағымды сауда балансына қол жеткіздік.

Алайда, Ұлттық Банк болжауынша 2025 жылдарға қарай төлем балансы профициттен дефицитке ауыса бастамақ. Оның себебі, біздің ішкі өндірісімізді реттеп, қайта өңдеу тауарларын шығара алмай отырғанымызда жатыр. Егер өзіміз тауар шығара алмасақ, онда импорттың үлесі арта түседі.

Ал енді осының теңге бағамына әсері қандай? Экспорттан доллар бізге келеді, оны компаниялар жалақы, салық төлеу үшін биржада теңгеге айырбастайды. Ал импортер компаниялар тиісінше биржадан теңгеге доллар сатып алып, оны сырттан тауар алуға жұмсайды. Қазақстан қор биржасында теңге бағамы ұсыныс/сұраныс арқылы құрылатындықтан, егер долларға сұраныс көп болса, онда доллар қымбаттап, теңгенің курсы түсіп кетер еді. Жағымды сауда балансы кезінде теңгеге сұраныс көбірек болады да, оның бағамы да жоғары деңгейде болады.

Экономист мамандар сол себепті сауда балансындағы дефицитті «теңгеге жасалған қысым факторы» деп бағалап жатады. Ұзақмерзімді сараптама жасағанда, мұнай бағасы барреліне $85 асатын кездерде біздің сауда балансымыз жағымды болатынын байқадым. Ал мұнай құны одан түсіп кетсе, бірден экспортымыздың сомалық мөлшері импорттан ұтыла бастайды. Яғни, теңге де мазасызданады.

Сондықтан, ертеңгі теңге бағамын болжағыңыз келсе, мұнайдың бүгінгі бағасына қарап, шамамен тон піше аласыз.

Источник: lsm.kz

Если вы хотите поддержать Kokshetau.asia, то вы можете сделать перечисление на любую сумму