
Алматыда таулы және таудың етегіндегі аудандарда тұрғын үйлер мен кеңсе ғимараттарын салуға тыйым салу жоспары жарияланды, деп хабарлайды LS.
Қалалық маслихаттың кезексіз сессиясында қаланың урбанистика және жоспарлау басқармасының басшысы Алмас Жанбыршы жаңа өзгерістерді таныстырды.
Жоспар бойынша, таулы және таудың етегіндегі аймақтарда көпқабатты тұрғын үйлер мен ірі кешендер салуға тыйым салынады.
Мораторий әлеуметтік және туристік нысандарға қолданылмайды. Әлеуметтік объектілерге мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен емханалар. Туристік нысандарға қонақ үйлер және басқа да қызмет көрсететін орындар кіреді. Алайда, оларға қатысты қолданыстағы шектеулер сақталады: еңісі 15 градустан жоғары жерлерде құрылыс жүргізуге болмайды, ал ғимарат биіктігі үш қабаттан (12 м) аспауы тиіс.
Сонымен қатар, аталған аудандарда әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымға қосымша жүктеме тудыратын тығыз (нүктелік) құрылысқа тыйым салынады. Алайда, қолданыстағы нысандарды реконструкциялау, қайта жоспарлау, модернизациялау немесе күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге шектеу қойылмайды, егер ол белгіленген талаптарға сәйкес жасалса.
Қалалық урбанистика басқармасының басшысы Алмас Жанбыршының айтуынша, 2014 жылы қалаға Қарасай мен Талғар аудандары қосылғаннан кейін 29 аудан пайда болып, 171 мыңнан астам адам қоныстанған. Сол уақыттан бері мегаполиске 1,5 мыңнан астам жер учаскесі қосылып, жалпы аумағы 2 мың гектардан асты.
Бұл инженерлік және көлік инфрақұрылымына қосымша жүктеме туғызады, сонымен қатар сейсмикалық және экологиялық қауіптерді арттырады.
Қаладағы білім және медицина нысандары жеткілікті болғанымен, оқушы орындарының тапшылығы 6,3 мың. 11 мемлекеттік мектеп, 3 балабақша, 3 аурухана және 8 емхана болса да, жеке білім беру нысандары бұл тапшылықты толық жаба алмай, көлік ағынын арттырады.
Жауын-шашын су жинау жүйесі мен инженерлік желілердің жүктемесі де үнемі өсіп отыр.
«Жеке инженерлік желілері бар компаниялар жаңа нысандарға техникалық шарттар береді, бұл бар инфрақұрылымға қосымша жүктеме түсіріп, авариялық жағдайлардың қаупін арттырады»,- деп атап өтті спикер.
Ол өткен жылы Бостандық, Наурызбай және Медеу аудандары әкімдіктерімен бірлесіп, Мемлекеттік сәулет-құрылыс комиссиясы, Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазселденқорғау» және сарапшылар қатысқан зерттеу жүргізілгенін айтты. Нәтижесінде 191 учаске опырылу қаупі бар екені анықталған. Оның 69-ы бойынша жедел шаралар қажет болса, 111-іне қосымша зерттеу ұсынылған.
Қауіптің себептері – еңістерді заңсыз қазу, заңсыз құрылыс, дренаж және септик жүйелерінің болмауы, жауын-шашынның көп түсуі.
«Мораторий мен нормативтік-құқықтық актілерді өзгерту Алматының табиғи аймақтары мен рекреациялық белдеуін қорғауға жағдай жасайды. Сонымен қатар, бұл қаланың туристік тартымдылығын арттырады», — деп түсіндірді басқарма басшысы.
Источник: lsm.kz





