
Алматыда тағы бір құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды LS қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әкімдік мәліметінше, №174 мектеп-гимназиясына салынған қосымша нысанға жүргізілген жоспардан тыс тексеріс кезінде жобалық шешімдерден ауытқу және мемлекеттік құрылыс нормаларының бұзылуы анықталған.
«Құрылысшы – ТБС» мердігер компаниясына әкімшілік шаралар қолданылып, оған берілген құрылыс лицензиясының тиісті санаты кері қайтарылды», – деді әкімдікте.
Бұған дейін техникалық қадағалау міндеттерін тиісінше орындамаған «Алатау сапа құрылыс» компаниясы аккредитациясынан айырылғаны хабарланған еді. Әкімдіктің мәліметінше, Яссауи мен Дастан көшелерінің қиылысында асфальт опырылған.
Ал Аманжол көшесінде жолдың шөгу фактісі бойынша «Аркада KZ» компаниясына әкімшілік шара қолданылды.
Аталған нысандарда жұмыс атқарған екі мердігер ұйымға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, Әбіш Кекілбайұлы көшесіндегі кәріз желісін қайта жаңарту жұмыстарын жүргізген AsiaMax компаниясы мен абаттандыру және білім саласындағы жобаларды іске асырған «СК 7 строй» компаниясы да құрылыс лицензияларынан айырылды.
Источник: lsm.kz





