Алматыда жаңа BRT желісі пайда болады

Алматыда жаңа BRT желісі пайда болады

2025 жылдың 23 сәуірінен бастап Райымбек батыр даңғылы бойында жаңа BRT желісінің құрылысы басталады, деп хабарлайды LS.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жоба үш учаскеге бөлінген:

  • Пушкин көшесі – Сейфуллин даңғылы (1,8 км);
  • Сейфуллин даңғылы – Ахрименко көшесі (7,2 км);
  • Ахрименко көшесі – Алтын Орда көшесі (7,5 км).

Құрылыс барысында көшенің ені толықтай қайта жаңғыртылады: жолдар, тротуарлар, жасыл аймақтар мен ғимараттардың қасбеттері абаттандырылып, ыңғайлы және заманауи қалалық орта қалыптастырылады.

«Алматыгенплан» дерегінше, жаңа жоба автобустардың орташа жылдамдығын 70%-ға дейін арттырады. Сондай-ақ бағыттардағы интервал 4-7 минутқа дейін қысқарады. Жаңа желі бойымен тоғызға жуық магистральды бағыт толық немесе ішінара өтетін болады, олардың барлығы – үлкен сыйымдылықтағы автобустар.

«Желтоксан көшесіндегі BRT желісінің құрылысы аяқталған соң, ол Райымбек батыр даңғылы мен Тимирязев көшесіндегі желілермен біріктіріліп, қаланың жоғарғы және төменгі бөліктерін байланыстыратын бірыңғай көлік магистралі қалыптасады. Бұл қоғамдық көлікпен қатынауды әлдеқайда тиімді әрі қолайлы етіп, жеке көліктің баламасына айналады», — дейді архитектор-урбанист Владислав Филатов.

Өз кезегінде «Алматыгенплан» ғылыми-зерттеу институтының директоры Асхат Сәдуов Райымбек даңғылындағы BRT жобасын әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе ескерілгенін атап өтті.

«Бұл бағыттағы сәтті жобалардың бірі ретінде Колумбияның Богота қаласындағы тәжірибені атап өтуге болады. Мұнда 2000 жылы TransMilenio деп аталатын BRT жүйесі іске қосылған. Нәтижесінде күнделікті жолаушылар саны 300 мыңнан 2,5 миллион адамға дейін көбейіп, жолда жүру уақыты 32%-ға қысқарған. Сонымен қатар CO2 шығарындылары 40%-ға азайған», — деді ол.

Ал Желтоксан көшесіндегі BRT желісінің құрылысы сәуір мен желтоқсан айлары аралығында жүргізіледі. Жалпы ұзындығы – 4,6 км.

Жобаның құны – 4,9 млрд теңге.

«Арнайы автобус жолағын ұйымдастыру жұмыстары қолданыстағы ғимараттарды бұзбай және жол енін қызыл сызықтар шегінде сақтай отырып жүзеге асырылады», — деп нақтылады қалалық мобильділік басқармасы.

Аталған учаскеде BRT жолағы жолдың шетінде орналастырылады.

Жоба аяқталған соң, оған іргелес жатқан Наурызбай батыр көшесінде көлік қозғалысына өзгерістер енгізіледі. Бұл көшеде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ алынып тасталып, оның орнына автотұрақтар ұйымдастырылады.

Қалалық мобильділік басқармасы BRT жүйесінің негізгі мақсаты- қоғамдық көліктің қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының санының азаюы күтіледі.

Фото: Алматы әкімдігі

Фото: Алматы әкімдігі

Источник: lsm.kz

Яндекс.Метрика