LS тілшісі келесі айдан бастап күшіне енетін Қазақстанның зейнетақы нарығындағы өзгерістерге шолу жасады.
1 шілдеден бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтары сомасының 50%-на дейін жеке басқаруға бере алады. Бұл ретте халыққа жинақтарды басқа басқарушы компанияға аудару немесе Ұлттық банктің, яғни БЖЗҚ-ның басқаруына қайтару құқығы қалады.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, мемлекет бас банктің басқаруындағы жинақ бойынша ғана зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді.
Сондай-ақ, сол күннен бастап еңбек өтілі жоғары зейнеткерлер жеке қорынан жинақтарын емделуге немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады.
Осы санатқа барлығы 75 мың қазақстандық түседі, олардың жалпы жинақ сомасы 120 млрд теңгені құрайды. Мұндай төлемдерді бірқатар мемлекеттік органдар жүзеге асырады. Олардың қатарында қорғаныс министрлігі, ІІМ, ҰҚК, мемлекеттік қорғау қызметі, Бас прокуратура, қаржы мониторинг агенттігі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бар.
Сонымен қатар, әлеуметтік кодекстің кейбір нормалары жыл басынан бастап күшіне енді. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін арттырылатын болады. Еңбек министрлігінің ақпаратына сәйкес, бұл 2 млн-нан астам зейнеткерге қатысты. Бұл шаралар 2025 жылға қарай жиынтық (ынтымақты және базалық) зейнетақыны орта есеппен 27%-ға өсіруге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік кодекске президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың сәуір айында қол қойған болатын.
LS редакциясы бұған дейін, ҚР-ның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі БЖЗҚ активтерін инвестициялауға болатын қаржы құралдарының тізімін кеңейтуі туралы жазған болатын. Атап айтқанда, осы тізімге шағын және орта кәсіпорын облигацияларын енгізу ұсынылады.
Источник: lsm.kz