Еңбекке жарамсыздық төлемін төлеу жүйесін қайта қарау қажет

Қазақстан Халық партиясы еңбекке жарамсыздық парағы бойынша әділ төлем жасау мәселесін көтерді. Парламенттік фракция өкілдері бұл – COVID-19 пандемиясы кезеңінде аса маңызды мәселе деп санайды.

– Бүгінде жұмыс істейтін қазақстандықтар еңбекке жарамсыздығы бойынша жұмысқа келмеуді қош көрмейді. Олар жалақыларының белгілі бір бөлігін жоғалтпау үшін ауырып жүрсе де жұмыс орнында болады, – деді Мәжілістің пленарлық отырысында ҚХП депутаты Айжан Сқакова.

Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкерге еңбекке жарамсыздық парағы бойынша төленетін төлем жұмыс берушінің есебінен тағайындалады. Ол 15 АЕК — тен аспауға иіс. (2022 жылы – 45 945 теңге). Бұл шектеу 01.01.2016 жылдан бері қолданылып келеді. Қазақстан Республикасында орташа айлық жалақы 268 051 теңгені құрайды. Шамамен бір күнге орташа төлем – 12 184 теңге.

– Қызметкерге еңбекке жарамсыздық парағы бойынша 15 АЕК қана төленеді. Бұл оның 4 күндік жұмысының ғана ақысы. Айлық табыстан қағылмау үшін адамдар сапалы ем қабылдаудан бас тартады, – деді депутат.

Оның сөзінше, науқастар өзгелердің де денсаулығына қауіп төндіреді. Дұрыс ем қабылдамаған адамның дерті асқынып кетуі мүмкін.

– Жұмыс беруші әлеуетті жұмыс күші үшін емес, нақты көрсетілген қызмет пен орындалған жұмыс үшін ғана төлеуге дайын. Сондықтан қазір жұмысқа жалдау үшін еңбекке жарамсыздық парағы бойынша төлем төлемеу туралы азаматтық-құқықтық келісімшарт жасалады немесе кесімді жалақы төлеу туралы құжат рәсімделеді, – деп нақтылады Айжан Сқақова.

Қазақстан Халық партиясы мен Қазақстанның Еңбек конфедерациясы еңбекке жарамсыздық парағы бойынша төлем төлеуге қатысты қолданыстағы әлеуметтік жүйені қайта қарауды ұсынады. Атап айтқанда, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры бюллетеньді төлеу шығынын жұмыс берушімен бөлісуі керек. Бұл ауырып қалған жұмысшының қауіпсіздігін арттырады.

ҚХП баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика