Еңбек дауларының алдын алу қажет

Мәжілістің пленарлық отырысында «Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясының депутаттары Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.

Фракция жетекшісі Айқын Қоңыров Үкіметтің назарын елдегі еңбек наразылығының күшейіп бара жатқанына аударды.

– Өкінішке қарай, мәселе атүсті шешілуде. Уәкілетті мемлекеттік органдар нақты әрі жүйелі шешім қабылдай алмай отыр, – деді депутат.

А. Қоңыровтың айтуынша, еңбек дауының ошағы қаржы жағынан ең қолайлы сала – мұнай-газ саласы болып отыр. Ресми статистика бойынша, бұл сала жалақы мөлшері бойынша көшбасшы болып табылады. Мұндағы жалақы елдегі орташа көрсеткіштен 2 есе көп.

– Әлемдік нарықта мұнай бағасы соңғы 7 жылдағы ең жоғары деңгейге жетіп, барреліне 95 доллардан асты. Өткен жылы мұнай экспорты шамамен 68 млн  тоннаға жетті. Осыған қарамастан Қазақстанның мұнай өндіруші және мұнай сервистік кәсіпорындарының қызметкерлері еңбекақының төмен көрсеткішіне шағымданып, оны өсіру туралы талап қойды. Бұл жерде мәселе жалдамалы жұмысшыларға жалақы төлеу үшін қаражаттың болмауынан емес, табыстың тең бөлінбеуінен туындап отырғаны анық, – деді А.Қоңыров.

Соңғы жылдары мемлекет мұнай экспорттаушылардың мүддесін қолдады. Үстеме пайда жалақы қорын ұлғайтуға, жаңа өндірісті инвестициялауға және сапалы жұмыс орындарын құруға бағытталмады. Керісінше, бірнеше жыл бойы еңбек шығынын азайтуға қатысты нәтижесіз тәжірибе жүргізілді. Аутсорсинг пен аутстаффинг арқылы негізгі өндірістік процестен және штаттан мүмкін болған барлық бөлімшелер алынып тасталды. Бұл бизнес иелеріне экономикалық нәтиже берді. Бірақ жалдамалы жұмысшылардың, тұтас экономикалық жүйенің шығыны бірнеше есе артты. Қазір қызметкерлер штатқа оралуды, негізгі және қосалқы кәсіпорындардың еңбек жағдайын теңестіруді талап етіп жатыр. Бұл – саланың және тұтас өңірлердің одан әрі орнықты дамуы үшін шешілуге тиіс маңызды мәселе.

ҚХП депутаттары бұл жағдай тек мұнай саласына ғана қатысты емес деп санайды. Тұтастай алғанда, елдегі жалдамалы жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың көпшілігі өздерін өсіп келе жатқан экономикадан тыс сезініп отыр. Ол формалды түрде өсіп, гүлденіп келеді. Ал қазақстандықтардың нақты табысы қысқарып жатыр.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы бұл кезеңде бөлісу туралы үндеу көмектеспейді, шектеуді белгілейтін заңнамалық тетік қажет деп санайды.

– «Қазақстан Халық партиясы» фракциясы таяу болашақта еңбек тәуекелі Қазақстан үшін өзекті болады деп болжайды. Осыған байланысты вице-премьер дәрежесіндегі министр басқаратын мықты Еңбек және жұмыспен қамту министрлігін құру қажет деп есептейді. Сапалы жұмыс орындарын құру, кедейшілікпен күрес және әлеуметтік әріптестіктің жаңа жүйесін қайтадан құру мекеменің негізгі міндетіне айналуға тиіс, – деді А.Қоңыров.

ҚХП баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика