Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында жастар арасында бірнеше бағыт бойынша байқау ұйымдастырылды. Зерттеуші жас ғалымдар өлкенің тарихына бойласа, студенттік қозғалыс ұйымдары жақсылық жасап жарысқан. Ал жас ұстаздар үздік әдістемелерін ортаға салып, кіл мықтыны анықтады.
Риззат Елубаев «Ұлы тұлғалар жолымен» облыстық байқауында топ жарды. Жас ғалым туған ауылы Айсары туралы аңыз-дастандарды зерттепті. Айтуынша, қазір «Ұлттық мұрағат – 2025» бағдарламасы тарихи архивтерге қолжетімділікті арттырған. Араб, парсы тілдерін жетік білетін маман бұл мүмкіндік алда талай жаңалық ашуға мүмкіндік береді, — дейді.
Ал «Жас ұстаз- ел болашағы» онлайн-байқауында өзінің сабақ беру тәсілімен ерекшеленген ұстаздың бірі – Альбина Амрина. Ол саладағы реформалар жаңашылдыққа еріксіз бастайтынын айтады. Мұғалімнің мәртебесі артқан сайын, талап та жоғары көрінеді.
Студенттік белсенді ұжымдар жылдар бойы атқарған көшбасшылық жұмыстарын «KDM-LIFE» конкурсына ұсынған. Нәтижесінде Көкшетау жоғарғы техникалық колледжінің командасы бірінші орынға ие болды. Қоғамдық өмірге білек сыбана кірісетін жастардың еңбегі осылайша еленді. Айта кету керек, жеңімпаздарға 300 мың теңгеге дейінгі ақшалай сыйлық табысталды.