300 rob
2020 жылы ауқымды республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске қостық. Оның мақсаты – балаларды көркем әдебиет оқуға баулу, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жобаны іске қосқанға дейін жүргізген талдауымыз мектептеріміздің кітапханаларында, әсіресе қазақ тілінде заманауи көркем әдебиеттің жоқ екенін көрсетті. Осыған байланысты біз әдебиеттің ең алдымен қазақ тілінде қолжетімді болуын және ғылыми фантастика жанры мен әлем әдебиетінің үздік шығармаларының басылымдар тізіміне енгізілуін басты назарда ұстадық.
Мектептерді кітаппен қамтамасыз ету, кітапханашылардың жұмысын қайта қарау, жұмыс істеп тұрған мектеп кітапханалары мен коворкинг орталықтарын жөндеу және жаңадан ашу, сондай-ақ балалар арасында жарыстар өткізу, кітап оқуға 20 минут уақыт бөлу және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды.
Екі жылдың ішінде мектеп кітапханаларына 4 млн-ға жуық әдебиет сатып алынды. Өкінішке қарай, жоба барлық өңірде бірдей сапалы жүзеге асырылып жатқан жоқ, бірақ біз осы бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз.
Сондай-ақ мектептердегі демалыс орындарында ашық кітапханаларды дамытқымыз келеді. Кесте бойынша жұмыс істеп, кілтке жабылатын дәстүрлі мектеп кітапханаларынан басқа, біз кітап оқуға, тіпті үй тапсырмасын орындағысы келетіндерге мүмкіндік, жағдай жасағымыз келеді.
Қазірдің өзінде «Оқуға құштар мектеп» жобасының оң әсерін көріп отырмыз. Сұраныстың арқасында ұсыныс пайда болып, ол нарықтың дамуына әсер етеді. Соңғы жылда мемлекеттік тілдегі аударма әдебиеттер саны күрт өсті. Кітап оқуға деген қызығушылықтың артуы қазақ тіліндегі кітаптардың сатылымына да әсер етіп отыр, биыл айтарлықтай өсім тіркелді.
Тіпті оқырман ретінде қазақ тіліне жоғары сапалы аударылған бестселлерлерді жиі кездестіремін. Мысалы, қазақ тілінде оқыған кітаптарымыздың бірі – «Хәрри Поттер» мен «Ғажайыптың» аудармалары.
Сапалы басылымдар мен қазақстандық авторлардың көбейіп келе жатқаны да қуантады. Мысалы, жақында оқыған қазақстандық авторлардың төрт басылымы ұнады (оның ішінде балалардың):
- Akikat Ras «ШколаТА»
- Рустем Сауытбай «Шоко әлем»
- Зира Наурызбаева «Алтын тостағанды іздеу. Бату мен оның достарының бастан кешкендері»
- «Еркетай» комикстері.
Өте сапалы әдебиет!
Кішкентай балаларымызға кітапты дауыстап оқып беруге, оларды қолдап, кітап оқуға баулуға, оны сатып алып беруге, кітап көрмелеріне бірге баруға шақырамын.
Әрине, балаларға өзіміз үлгі болып, оқудың маңызды екенін көрсете білуіміз маңызды.
Источник: qazaq.asia