«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаты Ерлан Смайлов Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, апаттар медицинасы жүйесін реформалау қажеттігі туралы мәселе көтерді.
Парламентарийдің пікірінше, бұл проблема Төтенше жағдайлар министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігі, жергілікті атқарушы орган сынды республикалық және жергілікті деңгейдегі бірқатар мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне қатысты ұйымдастырушылық сонымен қатар заңнамалық аспектілердің кең ауқымын қамтиды.
Соңғы жылдары жиілеп кеткен төтенше оқиғалар мен жағдайлардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, апаттар медицинасы жүйесі денсаулық сақтау министрлігінің жүйесі сияқты сын-тегеурінге дайын емес.
Стандартты емес жағдайда оларға жеделдік, сондай-ақ дағдарысты басқару тәжірибесі мен өкілеттік жетіспейді. Жауапты органдар мен жергілікті деңгейдегі қызметтер жоғары құрылымдардың бұйрықтары мен келісімдерін күтіп отырғанда, шешім қабылдау және әрекет ету құзыретінен айырылады.
Қаңтар айындағы оқиғаларды негізге ала отырып, депутат төтенше жағдай кезінде халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру мәселесінің өзектілігі артқанын айтты.
Ерлан Смайловтың сөзінше, жедел жәрдем көліктеріне шабуыл жасалып, инсульт, инфаркт, жарақат алған адамдарға медициналық көмек көрсетуге кедергі келтірілді. Науқастарды тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларға жатқызу көрсеткіші ең шекті деңгейге дейін төмендеді. Төтенше жағдай кезінде денсаулық сақтау мекемелері мен стационарлардағы науқастар тасымалдың тоқтатылуына байланысты азық-түлік және ауыз су қорының тапшылығын бастан кешірді.
Амбулаторлық деңгейдегі созылмалы дерті бар науқастар консультативтік қолдаусыз қалды. Перзентхананың қабылдау бөліміне түскен кезде әйелдерден қала бойынша жүріп-тұрудың қауіптілігіне қарамастан ПТР анықтамасын талап етілді. Қаланың тергеу изоляторларында бір мезгілде медициналық көмек көрсетуді талап еткен жүздеген, мыңдаған адам болды.
Нақты фактілерді келтіре отырып, ҚХП депутаты ведомствоаралық және сектораралық өзара іс-қимыл тұрғысынан функционалды кеңейтіп, жедел міндеттерді қайта қарау керек деген байлам жасады.
Ерлан Смайловтың пікірінше, бұл үшін халықаралық сарапшыларды тарта отырып, төтенше жағдай кезінде туындауы мүмкін мәселелерді зерделейтін ведомствоаралық жұмыс тобын құру қажет. Бұдан кейін заңнамаға қажетті түзету енгізуді қоса алғанда, ұсыныстар мен шаралар жоспарын әзірлеу, сондай-ақ төтенше жағдай режимі енгізілген жағдайда пациенттерге қашықтан медициналық консультация беру қызметін қалыптастыру керек.
ҚХП баспасөз қызметі