92 Арман
Фотосурет: Gov
2023 жылғы 3 қаңтарда сағат 20-30-да Республикалық жедел-құтқару жасағы тобының және Қонаев қаласы жедел-құтқару жасағының күшімен Бартоғай су қоймасы жағынан Фесенков атындағы Астрофизика институтының обсерваториясына жетпей 40-қа жуық автомашина табылды. Адамдардың саны анықталуда, алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жоғалып кеткен 7 адамнан тұратын отбасы да сол жерде екен. Көбінің машинасында жанармай таусылып қалған. Қазіргі уақытта құтқарушылардың күшімен автокөліктерге жанармай құю және адамдарды машиналарымен колонна арқылы эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде. Республикалық жедел-құтқару жасағының екінші тобы Түрген-Батан-Обсерватория жолымен бірінші топқа қарсы жүріп келеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 3 қаңтарда сағат 08:00-де Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті кезекші бөлімінің пультіне Еңбекшіқазақ ауданында Шелік ауылынан 80 шақырым жерде, таулы аймақтағы Бортоғай су қоймасында 7 адамнан тұратын отбасы (төрт ер адам, екі әйел адам және бала) жоғылып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Олар 2023 жылдың 2 қаңтарында екі көлікпен Алматыдан Асы қыратына қарай шығып, үйлеріне оралмаған. Жоғалып кеткен адамдар ТЖМ бірнеше мәрте айтқан ұсынымдарына қарамастан, жоспарланған туристік маршруты туралы облыстық ТЖД-не айтпаған.
Жоғалған адамдарды іздеу жұмыстарын Төтенше жағдайлар департаменті, Республикалық жедел-құтқару жасағы өтімділігі жоғары техникамен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар, аудандық ішкі істер бөлімі мен волонтерлер жүргізді, сонымен қатар дрон жұмылдырылды.
Сонымен қатар, сағат 15-00-де әуе кемесін тарту жоспарланған болатын, алайда ауа-райының қолайсыздығына байланысты әуе кемесін тарту мүмкіндігі болмады.
Жоғалған адамдар іздеу тобына қарай баяу жүріп, спутниктік байланыс бағытын үйлестірді. Сағат 20-30-да екі топ кездесті. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
Алматы облысы ТЖД-да іздестіру кезінде 8 (72772) 2-61-51 телефон нөмірі бойынша қауырт желі, сондай-ақ психологиялық қызмет жұмысы ұйымдастырылды.
Источник: qazaq.asia