Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев10 Ұлттық жоба тізбесін бекіткен болатын. Солардың бірі — агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба. Алдағы 5 жылда жобаны іске асыру нәтижесінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, елді толығымен отандық өніммен қамтамасыз ету көзделген.
Жобаны іске асыру нәтижесінде 500 мың адамды жұмыспен қамтып, осылайша 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру көзделген. Ұлттық жоба аясында ет, жемістер, көкөніс, қант сүт өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуге басымдық берілмек. Сонымен қатар ірі инвестициялық жобалар айналасында 7 экожүйені қалыптастыру көзделіп отыр.
Өңделген өнім үлесін 70 процентке дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту ұлттық жобаның негізгі мақсаттарының бірі.
Бүгінгі таңда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты инвестициялық жобалар анықталып, іске асыру көзделген.